Белсенділер мен БАҚ көтеріп жүрген жүгенсіздікті түрлі әдіспен тоқтату ұсынылып отыр: ауқымды реформа жүргізу, полицияны қаржыландыруды тоқтату, тіпті, оны мүлде таратып жіберу. РИА Новости мұндай түбегейлі шаралардың қолға алынуы шынымен мүмкін бе деген сұрақтың жауабын іздеді.
Реформалар уақыты
Демократтар конгресте құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қудалануын жеңілдететін заң жобасын таныстырды. Онда егер полицейлер күдіктілерді ұстау кезінде адам құқығын бұзса, оларды түрлі тексерістерден қорғайтын иммунитетті алып тастау туралы көзделіп отыр. Полицейлер жағдайға қарай атыс қаруы мен күш қолдануға құқылы — өйткені америкалықтардың 43 проценті өзімен қару ұстайды.
"Жүйелі расизмді түп-тамырымен жою бойынша бірыңғай бағдар мен бақылау шаралары болмаса, реформалардың көмегімен құрылымдық өзгерістер жасаудың кезі келді", -делінген конгрессмендердің жауабында.
Құжат "Сот төрелігі — 2020 заңы" деп аталды, бұл жуырда көз жұмған афроамерикалықтардың өліміне жауап.
Заң бұзғандар жайында сыңаржақ пікір қалыптаспас үшін тренингтер енгізіледі, әйтпесе мемлекеттен қаржыландыру тоқтайды.
Тағы оқыңыз: АҚШ-тағы наразылық: Ақ үйдің айналасына қоршау орнатылды - видео
1977 жылдан бері өңірлік және жергілікті биліктің полицияға шығындары 42 миллиард доллардан 115 миллиард долларға дейін өсті. Дегенмен құқық қорғау органдарының қажеттіліктеріне бөлінетін бюджет қаражаты өзгерген жоқ – төрт процент шамасында.
Күш құрылымдары арзанға түспейді. Мәселен, Остин қаласының полиция департаменті 2012 мен 2017 жылдар аралығында бронежилет, шлем, ала таяқ, түтіндеткіш гранаталар, газомет және тағы басқа жабдықтарға миллион доллардан астам ақша жұмсаған. Эль-Пасо мен Денвердегі әріптестері де шамамен осындай шығын шығарды.
Полицейдің толық экипировкасы — киім, қару, электрошокер, рация, бронежилет — бұл шамамен 4,5 мың доллар. Радары, компьютері мен ізге түсу жүйесі бар машина — моделіне қарай 25-50 мың доллар. Полицейдің жалақысы — жылына шамамен 82 мың, бұл орташа америкалықтың жылдық табысынан бір жарым есе көп.
Ақша мәселесі, әсіресе, коронавирус індетіне байланысты экономиканың құлдырауынан кейін өзекті болды. Мәселен, Нью-Йоркте билік полицияның алты миллиардтық бюджетін сақтауды талап етіп отыр.
Ақша болмаса, проблема да жоқ
Құқық қорғау органдарын қаржыландыруды тоқтату бастамасы 2014 жылы Миссуриде полицейдің күш қолдануына қарсы болған демонстрациялар кезінде көтерілген еді.
Мұндай радикалды шараның жақтастары бақылау мен тренингтер көмектеспейді деп санайды: өйткені полицейлердің қолынан көз жұмғандар саны өсіп жатыр. Шыны керек, бұл жерде статистика мықты аргумент емес. Бір деректерге сүйенсек, ақ нәсілді америкалықтар тәртіп сақшыларымен текетіресте жиі көз жұмады. Басқа мәліметтер бойынша – афроамерикалықтар арасында құрбандар саны екі есе көп.
Тағы оқыңыз: АҚШ-тағы наразылық кезінде қазақстандықтың көз жұмғаны рас па – министрлік жауабы
CNN ақпаратынша, басқа дамыған елге қарағанда америкалық полицейлер агрессивті: 2018 жылы АҚШ полициясы бір мыңға жуық адамды атып тастаған. Салыстырмалы түрде келтірсек, Германияда – он бір, Австралияда – сегіз, Швецияда – алты, Британияда – үш.
Сондықтан, көбі, бұл тұйықтан шығудың жолы полицияға ақша бермеу екеніне сенімді. Үнемделген ақша мұқтаждарға жұмсалуы тиіс.
Сақшыларсыз тәртіп
Кейбіреулер, тіпті, полицияны таратып жіберуді ұсынып отыр. Джордж Флойд қаза болған Миннеаполисте MPD150 қоғамдық ұйымы өз алдына осындай мақсат қойған. Полицейлер — "зеңбірегі бар бейтаныстар", ал "дағдарыстық жағдайларда" психологтар, әлеуметтік қызметкерлер, адвокаттар жұмыс істеуі керек, деп түсіндіреді белсенділер.
Егер тұрмысы төмен азаматтарға жақсы білім беріп, жұмысқа орналастырса, психикалық денсаулығының профилактикасымен айналысса, құқық қорғау органдары, тіпті де, керек болмай қалады.
Қаруланған тонаушылар, қаскөйлер мен бұзақылармен не істеу керек? MPD 150 ұйымы адам өзінің базалық қажеттіліктерін басқа әдістермен қанағаттындыра алмаған кезде ғана қылмысқа барады деп санайды.
"Қазір полицейлер көліктерді жолда себепсіз тоқтатады, нашақорларды тұтқындайды, қара нәсілділерді қыспаққа алады", - дейді қоғам белсенділері.
Бұрынғы федералды прокурор, өкілдер палатасының мүшесі Трей Гауди мұндай логикамен келіспейді.
"Егер сіз көшеде қолына пышақ ұстап, өзін Иисус деп санайтын жігітті көрсеңіз, психологиялық қолдау қызметіне қоңырау шалудың қажеті жоқ, полицияға жүгіну керек, - дейді ол. – Сіздер "полицияны таратып жіберу керек" дейсіздер. Сосын олардың жұмысын кім орындайды, маған осы қызық болып тұр".
Алғашқы қадамдар
Миннеаполисте құқық қорғаушыларсыз әлем жайлы белсенділер ғана емес, шенеуніктер де ойлана бастады.
"Біз полиция бөлімшесін жабамыз. Қоғамдық қауіпсіздік пен шұғыл шараларға қатысты тәсілдерді түбегейлі қайта қарастырамыз", - деп жазды твиттерде қалалық кеңестің мүшесі Джеремайа Эллисон.
Оған бірнеше әріптесі де қосылды, соның ішінде қалалық кеңестің басшысы Лиза Бендер бар. Ал Флойд табытында бір аяғымен тізерлеп тұрып жылаған қала мэрі Джейкоб Фрей бұл идеяны қолдаған жоқ: "Мен бүкіл полиция департаментін таратуға қарсымын".
Алайда ол расистік жүйені түзету мақсатында ауқымды құрылымдық реформаны құптайды.
Полицейлер мұндай шаралар жағдайды одан әрі ушықтырып жіберетініне сенімді.
Бақылаушылар полицейлерге қысым күшейген сайын, олар өзін және әріптестерін одан сайын қорғай түсетінін атап өтті. Полиция кәсіподақтары бұған дейін де құқықтық тәртіп жүйесінің реформасын тежеген еді, сондықтан олардың өз позициясын өзгертуі екіталай.
Полицейлер де наразылық акциялары кезінде зардап шекті. Нью-Йоркте 292 тәртіп сақшысы жарақат алса, Чикагода 130, Лас-Вегаста бір полицей ауыр хәлде ауруханаға түсті.
Ал РҒА Әлемдік экономика мен халықаралық қатынастар ұлттық зерттеу институты солтүстікамерикалық зерттеулер орталығының жетекшісі Виктория Журавлева таяу жылдары полицияны тарату, мүмкін емес, өйткені бұл қоғамды ұйымдастырудың мүлде басқа деңгейін талап етеді деп санайды.
"Елде жұмыс істейтін жергілікті қоғамдық ұйымдар көп, деді ол РИА Новости-ге берген сұқбатында. — Мәселен, шерифтерді жергілікті халық сайлайды. Кішкентай қалалар да әлі күнге дейін полициясыз өмір сүріп жатыр, оларға шериф жетеді. Мәселе – мегаполистерде, олар не істеуі керек?".
Сарапшының пікірінше, реформаның жақын арада жүзеге асуы күмән тудырады.