Қоғам

Ішкі істер министрі суицидке итермелейтін басты проблеманы атады

Төтенше жағдай кезінде ел аумағында тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының саны 25 процентке өскен
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 9 маусым – Sputnik. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев төтенше жағдай кезінде кәмелеттік жасқа толмағандардың өз-өзіне қол салу оқиғасы көбейіп кеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Министрдің айтуынша, жыл басынан бері 58 жасөспірім өз-өзіне қол салды. Бұдан бөлек, 137 бала суицид жасауға әрекет еткен. Бірақ оларды құтқарып қалды.

"Осы орайда маңызды бір мәселені айта кеткен жөн, жасөспірімдер арасындағы суицидтің тең жартысы төтенше жағдай режимі кезінде болған. Бұл дегеніміз, кәмелеттік жасқа толмағандардың өз-өзіне қол салуы отбасы проблемаларымен байланысты, – деді Тұрғымбаев бүгін онлайн режимде өткен есеп беру кездесуінде.

Оның сөзіне қарағанда, төтенше жағдай жарияланған уақытта тұрмыстық зорлық-зомбылық 25 процентке өскен.

"Төтенше жағдай кезінде адамдар үйден шықпай отырды. Сол кезде дағдарыс орталықтарына хабарласқан тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының саны өсті. Өкінішке қарай, зардап шеккен 10 адамның ішінде екеуі ғана полицияға арыз беруге келіседі", – деп атап көрсетті Тұрғымбаев.

Оқи отырыңыз: Жұртты дүрліктірген көкшетаулық жігіт туыстарымен байланысқа шықты