НҰР-СҰЛТАН, 9 маусым – Sputnik. 10 маусымнан бастап теміржол вокзалы ғимаратына жолаушыны шығарып салатын адамдарға кіруге рұқсат етіледі. Бұл туралы көліктегі бас мемлекеттік санитар дәрігер Сәдуақас Байғабылов айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Айтуынша, ел ішінде пойыздар жүре бастаған күннен бүгінге дейін 100 мыңнан астам жолаушыдан сауалнама алынған. Жолаушылар арасында коронавирус жұқтырғандар тіркелген жоқ.
"Осыған байланысты осы жылдың 10 маусымынан теміржол вокзалының ғимаратына шығарып салушыларды кіргізбеу туралы талап алынып тасталды", -деді Байғабылов.
Десе де, ол әлеуметтік ара қашықтық, маска режимі, вагондар арасында жолаушылардың жүріп-тұруын шектеу, күшейтілген дезинфекция секілді санитарлық-карантиндік талаптар қатаң сақталуы тиіс екенін атап өтті.
Азаматтар теміржол вокзалына бұрынғыдай дене қызуы өлшенгеннен кейін ғана кіре алады.
Сонымен қатар, 10 маусымнан бастап жолаушылар пойыздарында вагон-мейрамханалар мен вагон-барлардың жұмысы жанданады. Олар жолаушылардың алдын ала берген тапсырысын жеткізу әдісі бойынша жұмыс істейді.
Байғабылов теміржол көлігінде санитарлық-карантиндік шаралар сақталмаған жағдайда, талаптар қайтадан қатаңдатылатынын ескертті.