НҰР-СҰЛТАН, 9 маусым – Sputnik. Қаңтар-мамырдың қорытындысы бойынша Қазақстанда жалпы ішкі өнім 1,7%-ке төмендеді. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Үкімет отырысында министр елдің қаңтар-мамыр аралығындағы әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері туралы баяндады.
"Жедел деректер бойынша жалпы ішкі өнім 1,7%-ке төмендеді. Тауарлар өндірісі 4,8%-ке өсті. Сонымен бірге көрсетілетін қызметтер 6,2%-ке қысқарды", - деді Дәленов.
Айтуынша, жылдық инфляция 6,7%-ті құрады. Бұл өткен айдың деңгейінен төмен.
Десе де, өндірістік секторда өсім жалғасуда.
"Өндірістік сектор бойынша құрылыста – 5,9%, кен өндіруде 5,2%, өңдеу өнеркәсібінде 4,9% және ауыл шаруашылығында 2,2% өсім байқалады", - деді министр.
Сонымен қатар, қазір қызмет секторларында, соның ішінде көлік қызметтерінде 14,1%, саудада – 12,3%, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операцияларда – 4,8%, ал әкімшілік қызметтер көрсетуде 3,8% төмендеу байқалады.
Бұл ретте, байланыс қызметтері қаңтар-мамырда 9,2%-ке артты.
Дәленов карантиннің жеңілдетілуіне байланысты мамырдан бастап қызмет секторының жекелеген салалары қалпына келе бастағанын атап өтті.
Атап айтқанда, сауда 28,3%-ке, оның ішінде бөлшек сауда – 34,2%-ке, көтерме сауда – 26,1%-ке өскен. Көлік қызметтері – 20,7%-ке, оның ішінде жолаушылар айналымы – 41,5%-ке, жүк айналымы 5,7%-ке артты. Ал тамақтану бойынша қызметтер 10,8%-ке өсті.