Қоғам

Достар күні: қазақ әртістері жақын адамдары жайлы сыр шертті

Халықаралық достар күніне орай актриса Айгүл Иманбаева мен актер Елдар Отарбаев өнердегі әріптесі, өмірдегі достары туралы әңгімелеп берді
Sputnik

АЛМАТЫ, 9 маусым – Sputnik, Айгерім Таубай. 9 маусым – халықаралық достар күні. Sputnik Қазақстан тілшісі ел алдында жүрген актерлердің достары жайлы пікірін, бірге бастан кешкен қызықты оқиғаларын сұрап білді.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Иманбаева 25 жылдан бері рухани үндесіп, бір толқында келе жатқан досы Азамат Сатыбалды жайлы айтып, 20 жыл бұрынғы естелігін бөлісті. Ал Ғабит Мүсірепов атындағы театрдың актері Елдар Отарбаев өнердегі әріптесі, өмірдегі досы Гүлбахрам Байбосынова жайлы айтып берді.

"Азамат менің бауырым сияқты"

"1994 жылы бірінші курс оқып жүргенімде Азамат талапкер болып келді. Жатақханада жүріп таныстық. Студент кезімізден жақсы араластық, оқу бітірген соң байланысымыз арта түсті. Кім не ойлайтынын білмеймін, Азамат менің туғаным, бауырым сияқты", - деп бастады әңгімесін Иманбаева.

Актриса кейде туыстарының "екеуіңде бәрі дұрыс па" деп сұрайтынын да жасырмады.

"Құдай көріп тұр, қайсыңа не айтайын?" деймін. Әркімнің өз өмірі бар. Азамат бауыр етім, жақыным, денемнің бір бөлшегі сияқты. Айтылған сөз, пікірге тіпті назар аудармайтын адаммын, 43 жасқа келіп "бронежилет" кимесем, несіне жүрмін. "Ел не дейді?" деген пікірмен өмір сүрмеймін. Өзімді өзім алдамасам болды, өзін алдамаған адам өзгені де алдамайды", - деген ол азды-көпті әңгімеге еті үйренгенін жасырмады.

Қос актер театр сахнасында бірге рөл сомдамаған, себебі Сатыбалды – Әуезов театрының актері, Иманбаева – Мүсірепов театрында ойнайды. Қазір екеуінің де жеке театры бар. Актриса бірігіп қойылым қою жоспарда бар екенін айтты. Сондай-ақ, кино әлемінде екі-ақ рет бір алаңда болған, дегенмен мерекелік кештер, концерт секілді үлкен жиындарда бірге жұмыс істеген.

2018 жылы Иманбаева қызмет ететін театрға Азамат Сатыбалды директор болып келді. Актриса Сатыбалдының жұмысқа аса мұқият қарайтынын, өзі де шығармашылық пен жеке өмірді араластырмайтынын жеткізді.

"Астанаға көшкеніме бес жыл болды, алайда театрдан қол үзген жоқпын, рөлдерімді ойнаймын. Азамат театр басшылығына келе салып, "Айгүл, бір адам театрдың бет-бейнесі болса, сол – сен, Дулат Исабековтің "Әпке" повесінде ойнайсың" деді. Досым келді ғой, енді кішкене емін-еркін жүремін бе дегенде, жұмысқа жектің ғой деп назданғаным бар. Алайда мен қуана-қуана келістім", - деді ол.

Актриса достықты пайдаланатын адам емес екенін алға тартты.

"Рөл беріп жатса, қуанамын. Бермей жатса, ренжімеймін. Мүсірепов театрындағы жұмысыма шығармашылық тұрғыдан ғана қараймын. Достықты сылтауратып, қоныштан басып жүрген мен жоқ, Азамат та дәл солай. Азамат бастық болғаннан, креслодан рахат алатын деңгейдегі адам емес. Материалдық әлемінен рухани әлемі биік, адамдардың материалдық жағы рухани дүниеден биіктеп кетсе, сол – трагедия. Ол баланс ұстай алады, қызметіне бола өзгеретіндердің қатарынан емес. Мен білетін Азамат танысқан күннен бері өзгерген жоқ", - деді Иманбаева.

Шығармашылыққа келгенде әркімнің өз көзқарасы бар, деп толықтырды актриса.

"Әр қуанған, қиналған сәтімде Назгүл екеуі жанымнан табылды. Анам ауырып қалғанда да көмегін көрсетті. Ал мен Азаматтың інісі қайтқанын ести сала жолға шықтым", - деп ағынан жарылды актриса.

20 жылдай бұрын екі актер "Хабар" арнасында жұмыс істеп жүрген кезде телефон нөмірлері өте ұқсас болған, кей адамдар Азаматты іздеп, Айгүлге хабарласып жүріпті. 

"Ұят болмасын" бағдарламасында жұмыс істеп жүрген кезім. Азамат та "Хабарда" жұмыс істейді. Корпоративтік нөміріміздің соңғы саны ғана басқаша болды. Маған хабарласқандар Азаматқа түсіп кетеді, Азаматты іздегендер маған хабарласады. Кейде "Азамат ұйықтап жатыр", "Азамат душқа түсіп жатыр" деп қалжыңдаймын. Бір күні Азамат хабарласып, "Айгүл, өтініш, қойшы. Шатасып хабарласқандарға Азаматтың нөмірі емес деп айтшы" деді", - деп күліп еске алды Иманбаева.

Актриса уақыт, заман, адам өзгерсе де, жастық шақтағы достықты сақтап қалғанын айтты.

"Қазір уақыттың тығыздығына байланысты екі жақта жүрміз, балалар ер жетті, жұмыстың көлемі көбейді, жауапкершілік те артты. Өте сирек кездесеміз. Бірақ балалық көңіліміз сол қалпында қалды. Әлі күнге дейін кездескен сәтте мойнымызға асылып, еркелеп, әңгімемізді айтамыз", – деді ол.

Әңгіме барысында Иманбаева Азамат Сатыбалдының жары Назгүл Қарабалина жайлы ойын айтты.

"Назгүлдің жаны өте нәзік, сезімтал жан. Олар бір-бірін жақсы түсінеді. Арамызда бір ауыз артық әңгіме болған емес. Азаматтан бөлек Назгүлмен бірге жүрген күндеріміз қаншама... Назгүлдің өз әлемі, болмысы, ерекшеліктері бар. Азаматтың Азамат болып отырғанына үйдегі жағдай да қатты әсер етеді. Назгүл – жақсы адам, әйтпесе Азамат Азамат болмас па еді?!", - деді ол.

Достарымның 80%-і – жігіттер. Қыздармен жақын араласқаннан аулақ жүруге тырысамын. Жанымды түсінетін бір-екі қыз болса, жетеді. Жақын құрбыларымның өнерге еш қатысы жоқ: бірі – заңгер, бірі – бизнесте, енді бірі – бухгалтер, бірі – дәрігер. Өнерде жүргендердің барлығына тілекшімін, қолдауым керек болғанда жанынан табыламын, ол менің ортам, алайда олар достарым емес, әріптестерім, деп толықтырды актриса сөзін.

Актер Отарбаев пен Байбосынованың достығы

Қос актер 2005 жылы Жүргенов атындағы өнер академиясына түскеннен бері таныс. 15 жыл ішінде бір оқу ордасын тәмамдап, бір театрда қызмет етеді. Елдар қыз бен жігіттің арасындағы достық қызметке де, жұмысқа да қатысты емес, сыйластыққа түзіледі деген пікірде.

"Бір группаға түстік, бір ұстаздан тәлім-тәрбие алдық. Академияда бір сахнада ойнадық, 4-курста Мүсірепов театрының директоры Талғат Теменов диплом жұмысымыздағы ойынымызды тамашалап, театрға шақырды. Үш ай сынақ мерзімінде жүріп, театрға жұмысқа орналастық. Содан бері бір-бірімізді жақсы танып, өнерде де, өмірде де жақсы дос болып келе жатырмыз", - деді актер.

Айтуынша, бір жерде, бір сахнада жұмыс істеген соң түрлі оқиға болып тұрады. Алайда достардың үнемі бір-бірімен әзілі жарасып, барлық қиындықтан шығып отырған. Соның бірі – режиссер Мұрат Ахмановтың "Келіндер көтерілісі" қойылымында болған. Қойылымда Елдар – күйеуін, Гүлбахрам – оның әйелін сомдайды.

"Гүлбахрам жындылау, долы әйелдің рөлін ойнайды. Жынданып келіп, тәпішкесін жоғарыға лақтырып жіберетін жері бар. Аяқ киімін лақтырып жіберген кезде, ол ілініп қалды. Төменге түспей қойды. Гүлбахрам бір аяқ киіммен ойнап жүрді, біраздан соң екіншісін шешіп тастады. Сосын сахнаға мен шықтым, қарасам аяғында дым жоқ. "Әй, мынауың не, аяқ киімің қайда?" деп сұрап қоямын, бірақ ілініп қалғанын біліп тұрмын. Ол да күлкі қысып, әрең сөйлеп, аяқ киімінің жоқ екенін айтты. Осылай әзіліміз жарасып жұмыс істейміз, - дейді актер.

Достар күні: қазақ әртістері жақын адамдары жайлы сыр шертті

Театр актерлерінің көбі сахнада сөзін ұмытып қалатынын, ал серігі оған көмектесіп, іліп әкететіні жайлы жиі естиміз. Ал Байбосынова сахнадағы серігінің есімін ұмытып, басқа біреудің атымен атап жіберген.

"Көңілді қойылымдардың бірінде қолымыздан ұстап, сахнада айналатын жеріміз бар. Сол кезде Гүлбахрам айғайлап тұрып басқа адамның атын айтып жіберді. Менің көзім бақырайып, оған қарадым, ол маған қарады. Екеуміз еріксіз күлдік. Қойылым да соған лайық еді. "Ай, қатырасың, сенің де айтпайтының жоқ" деп екеулеп ақталып әлек болдық", - дейді Отарбаев.

Сонымен қатар ол Гүлбахрам Байбосынованың өнерге де, досқа да адал екенін жеткізді. Әр істі бастар алдында өзін қамшылап отыратын актриса деп бағалады.

"Гүлбахрам – қанша досы болса, бәріне сыйластықпен қарайтын адам, досын жолда тастамайтын кісі. Дос солай болуы керек деп санаймын. Осы уақытқа дейін бір-біріміздің сыртымыздан сөйлеп, дәрежемізді түсірген емеспіз. Гүлбахрамның артынан сын айтылса, оны дарынды екенін дәлелдеуден шаршамаймын",  - дейді ол.