Өңірлер

Алғашқы тест теріс болған: Павлодарда 63 жастағы ер адам коронавирустан қайтыс болды

Ер адам үйінде екі-үш күн бойы ауырған, дәрігерлердің көмегіне жүгінбеген. Коронавирусқа тапсырған алғашқы тесті теріс нәтиже көрсеткен
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 8 маусым – Sputnik. Павлодарда 1957 жылы туған ер адам коронавирустан көз жұмды, деп хабарлайды Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасы.

Басқарманың ақпаратынша, пациент жүрек-қан тамырлары ауруымен ауырған, май алмасуы бұзылған.

29 мамыр күні ол үйіне дәрігер шақыртқан. Ер адамның дене қызуы көтеріліп, тамағы жыбырлап, құрғақ жөтел пайда болған, өзін әлсіз сезінген. Емхананың мобильді бригадасының дәрігері оны қарап, ем тағайындайды. Коронавирусқа анализ алады, тест теріс нәтиже көрсеткен.

Ер адам дәрігерлерге 2-3 күн бойы ауырғанын айтқан, бірақ медициналық көмекке жүгінбепті.

30 мамырда павлодарлық қайтадан дәрігер шақыртқан. Жедел жәрдем бригадасы оны провизорлық стационарға жеткізді. Пациент ауруханаға ауыр хәлде түскен, бірден интенсивті терапия палатасына жатқызылады. Одан тағы да анализ алынып, 1 маусымда тест оң нәтиже көрсеткен. Осыдан кейін науқас инфекциялық стационарға ауыстырылып, жансақтау бөліміне жатқызылды.

Тағы оқыңыз: Денсаулық сақтау министрі коронавирустан өздігінен жазылатындар туралы айтты

3 маусымда пациенттің жағдайы нашарлап, жасанды тыныс алдырту аппаратына қосуға тура келген.

Науқасқа барлық қажетті медициналық көмек көрсетілді, күн сайын Нұр-Сұлтандағы ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының сарапшыларымен консилиум өткізілді. Ем бекітілген стандарттарға сәйкес жүргізілді.

Өкінішке қарай, интенсивті терапияға қарамастан, 6 маусымда сағат 18:50-де биологиялық өлім тіркелді. Өлім жағдайларын зерттейтін комиссияның шешіміне сәйкес, ер адамның өліміне коронавирус себеп болған, делінген Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.