Қоғам

Қазақстанға шетелден келушілер үшін ереже өзгерді

Егер елге келгендер Қазақстан шекарасын қиып өткен күні соңғы бес күннің ішінде алынған теріс ПТР талдауы туралы анықтаманы көрсетсе, карантинге оқшауланбайды  
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 7 маусым – Sputnik. Қазақстанның бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетованың жаңа қаулысы жарияланды.

Құжатта Қазақстанға әуе рейстерімен шетелден келгендердің барлығы шекараны қиып өткен күні соңғы бес күннің ішінде алынған коронавирусқа теріс ПТР талдауы туралы анықтаманы көрсетсе, карантинге жатқызылмайтыны туралы хабарланған.

"COVID-19 індетіне теріс нәтиже алған адамдарға коронавирустың байқалуы мүмкін белгілері туралы түсіндіріліп, тиісті қолхат алынады", - делінген қаулыда.

Бұған дейін елге келгендердің барлығы COVID-19-ға зертханалық тексеріс жүргізу үшін екі күнге дейін карантиндік стационарда болуы тиіс еді.

ЕАЭО мен Өзбекстаннан келгендер не істейді

Қазақстанға Еуразиялық экономикалық одақ елдері мен Өзбекстаннан автомобиль өткелдері, теміржол және басқа жолдармен келгендер анкета толтырады, сондай-ақ ПТР сынақтан өту үшін олардан анализ алынады.

Оқи отырыңыз: Қазақстан шекарасын кесіп өту тәртібі өзгерді 

COVID-19 індетіне оң нәтиже алған жағдайда ол туралы ақпарат тиісті органдарға жолданады. Егер келген адамда аурудың белгілері болса, оны жұқпалы аурулар ауруханасына жібереді.

COVID-19 жұқтырғандарды телефон арқылы бақылайды   

Есмағамбетованың қаулысында үй карантині кезінде, соның ішінде COVID-19 белгілері байқалмайтын науқастарды қашықтықтан бақылауға арналған мобильді қосымша енгізу туралы айтылған.

Сонымен қатар, өңірлердегі бас санитар дәрігерлер, сондай-ақ басқа да жауапты тұлғалар қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға байланысты карантин шараларын қатаңдату туралы шешім қабылдауға құқылы екені хабарланды.

Қашықтықтан жұмыс істеу керек

Қаулыда мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар және басқа ұйымдар санитарлық-дезинфекциялық режимді күшейтіп, қашықтықты сақтауды жалғастыруы тиіс делінген.  

"Штат саны 30 адамнан асатын болса, қызметкерлердің кем дегенде 80 пайызы қашықтықтан жұмыс істеуді жалғастырады", - деп жазылған құжатта.

Сонымен қатар, егер COVID-19 жұқтыру деңгейі апта ішінде бес проценттен аспаса, онда қызметкерлердің кем дегенде 50% -іне қашықтан жұмыс істеуіне рұқсат етіледі.

Қаулының толық мәтінімен мына жерден танысуға болады.