НҰР-СҰЛТАН, 7 маусым – Sputnik. Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің коронавирусқа тапсырған тест қорытындысы оң нәтиже көрсетті. Бұл туралы ол өзінің Facebook-тегі парақшасында жариялады.
"Өкінішке қарай, бүгін аса бір жайсыз жаңалықты жариялайын деп отырмын. Әлемді айналып, елімізді шарлап кеткен коронавирус індеті менен де табылды. Кеше тапсырған тест қорытындысы оң нәтиже берді. Қазір ауруханада, дәрігерлердің қарауында жатырмын. Ем қабылдаудамын", – деп жазды Уәли.
Баспасөз хатшысы президент белгіленген кестеге сәйкес жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
"Мемлекет басшысының денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Қасым-Жомарт Кемелұлы үнемі тест тапсырып, қорытындысын алып отыр. Ақордада санитарлық режим күшейтіліп, қауіпсіздік шаралары қатайтылған", – деді ол.
Сондай-ақ Берік Уәли індет басталғалы дабыл қағып сақтануға, дертті жұқтырмаудың жолдарын қарастыруға шақырғанмен пандемияға сенбейтін, ауруды жоқ деушілер қатары азаймай тұрғанын тілге тиек етті.
"Міне, мен дерт жұқтырдым, оны жасырмай жариялап отырмын. Мұндағы мақсат алаңсыз жүрген азаматтар ойлансын, сенбей жүрген кісілердің көзі жетсін дегенім. Ауру бар. Оны жұқтырушылардың саны күн сайын артып жатыр. Қанша жерден сақтық шараларын қатаң сақтап жүрсек те, біз де жұқтырдық", – деді Уәли.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда COVID-19 науқастарының статистикасына өзгеріс енгізілді
Айта кетейік, республикалық жедел штаб мәліметі бойынша бүгінгі күнге дейін елімізде індет жұқтырғандардың саны 12 694 адамға жетті. Оның ішінде 7 135 науқас айығып шықса, 53 адам індет салдарынан көз жұмды.