НҰР-СҰЛТАН, 7 маусым – Sputnik. Павлодарда туып, Америкада өскен Арман Ақышев Қазақстандағы биологиялық туыстарын тапты. Бұл туралы Facebook-те журналист Жеңіс Құспанов жазды.
Арман Ақышев өзінің өмірге әкелген әке-шешесі мен бауырларын іздеп жүргені туралы оның танысы Аида Көшекбаева Kazakh American Association тобында хабарлады. Жазба 3 маусымда, сәрсенбіде жарияланды.
"Тағы бір америкалық қазақ туыстарын іздеп жатыр. Николас-Арман Бертон 22 жаста. Пенсильвания штатының Аллентаун қаласында тұрады. Сақталған қазақстандық паспорттағы мәліметке қарғанда, оның аты-жөні Арман Шаймарданұлы Ақышев. Ол 1998 жылы 27 сәуірде Павлодар облысында дүниеге келген", - деп жазды Көшекбаева.
Бала 2003 жылы 31 қазанда асырап алынған. Аида Көшекбаева жария еткен Арманның хатында оның саңырау екендігі және ыммен сөйлейтіні айтылған.
"Мен саңыраумын, нағыз отбасымды тапқым келеді. Биологиялық анам мен туғанда қайтыс болыпты. Туберкулезбен ауырған. Әкем мені асырай алмаған. Әкем Ақышев Шаймардан мен анам Мусрильяны іздеймін. Отбасымның суреттерін көргім келеді", - делінген хатта.
Арман бес бауырын да тапқысы келген.
Бейсенбі, 4 маусымда Арман Ақышев әлеуметтік желі арқылы өзінің туыстарын тапты, әкесі желіде тіркелген болып шықты. Ол достарынан ұлының іздеп жүргенін білген.
Арманды әкесі мен туыстары тастап кетпеген. Ол 1998 жылы 27 сәуірде дүниеге келіп, үш күннен кейін, 30 сәуірде анасы туберкулезден көз жұмады. Ол Арманның әкесінің екінші әйелі болатын. Бірінші некесінен бес баласы бар. Перзентханадағы мамандар нашар тұрасыңдар, балаға қамқорлық жасай алмайсың деп әкеге ұлын бермей қойыпты.
Оқи отырыңыз: Америкалықтар асырап алған қыз Қазақстандағы ата-анасын іздеп жатыр – видео
Содан кейін Арманды балалар үйіне ауыстырады. Туыстары оны америкалықтар асырап алып, АҚШ-қа алып кеткенін білген. Олар күндердің күнінде бәрібір бірге боламыз деп үміттеніпті.
Журналист Жеңіс Құспанов Арманмен әпкесі ым тілінде сөйлесе алатынын жеткізді.
"Мен Арманның әпкесімін. Ол саңырау. Мен де саңыраумын. Ыммен сөйлесеміз. Америкада ым тілі біздікінен басқаша екеніне қарамастан, біз бір-бірімізді түсінеміз. Мен оны ұзақ уақыт іздедім, таба алмадым. Ақыры қауыштық. Қуаныштымын, көңілім босап кетті. Тіпті есеңгіреп қалдық, мен бақыттымын", - деп журналист қыздың хатынан үзінді келтірді.