Қоғам

Әкімдік Алматыдағы митинг туралы ақпарат берді

Әкімдік заңсыз митингіні ұйымдастырып, өткізу үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертті
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 6 маусым — Sputnik. Алматыдағы митинг заңсыз болып саналады. Қала әкімдігі осылай деп мәлімдеді. 

"Бейбіт митинг өткізу туралы әкімдікке заңнамаға сәйкес хабарланбады. Сондықтан әлеуметтік желіде тарап жатқан митингіге шақырулар заңсыз болып табылады", - деді қалалық әкімдікте. 

Жергілікті атқарушы билік заңсыз митингіні ұйымдастырып, өткізу үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескерті. 

"Қазақстанда бейбіт жиындар ұйымдастыру және өткізу туралы" заң бойынша қалалық әкімдікке 5 күн бұрын хабарлау керек. Заң талабына сәйкес, бейбіт жиындар арнайы орындарда ғана өткізілуі тиіс.

Бұған дейін Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин қала халқын адам көп жиналатын бұқаралық шаралар мен митингіге қатысудан бас тартуға шақырған болатын. Ол жиын соңы коронавирус індетін жұқтырудың артуына әкелетінін айтты.