Экономика

Шетелден Қазақстанға аударылған ақша көлемі қаңтар-сәуірде 30,7%-ке азайды

Жіберілген және қабылданған аударымдар көрсеткішінің төмендеуіне коронавирус пандемиясы және әлемнің көптеген елінде іскерлік белсенділіктің баяулауы себеп болды  
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 3 маусым – Sputnik. Халықаралық ақша аударымдары жүйесі арқылы жіберілген ақша аударымдарының жалпы көлемі осы жылдың қаңтар-сәуір аралығында өткен жылдың сейкес кезеңімен салыстырғанда 18,2% азайды, деп хабарлады Қазақстанның ұлттық банкінің баспасөз қызметі.

Барлығы 1,2 миллион транзакция жасалды, 246,2 миллиард теңге аударылды.

Қазақстаннан шетелге жіберілген ақша аударымдарының көлемі 12,5%-ке, шетелден Қазақстанға келген аударымдар 30,7%-ке азайды.

Алайда осы кезеңде Қазақстан аумағында жүргізілген төлемдер көлемі 20,1%-ке өскен.

Оқи отырыңыз: Елордалық депутат Kaspi Gold иелерін 3% салық төлеуге міндеттеуді ұсынды

Қазақстаннан шетелге аударылған ақшаның басым бөлігі Ресей Федерациясына (35,5%), Өзбекстанға (18,8%), Түркияға (16,8%) және Қырғызстанға (12,3%) жіберілген. Ал шетелден Қазақстанға келген ақша аударымдарының басым бөлігі Ресей Федерациясынан (27,7%), Оңтүстік Кореядан (20,2%), Қырғызстаннан (12,3%) және Өзбекстаннан аударылған.

"Жалпы, сәуір айында осы жылдың наурызымен салыстырғанда жіберілген және алынған ақша аударымдары 2 есе азайды. Бұған COVID-19 індетінің таралуына қарсы шаралар қабылдау және әлемнің көптеген елінде іскерлік белсенділіктің төмендеуі себеп болды деп пайымдаймыз", - деп атап өтті ұлттық банк.

2020 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша Қазақстанда ақша аударымдарының 6 халықаралық жүйесі жұмыс істейді – "Золотая корона", Western Union, ЮНИСТРИМ, Contact, Faster, MoneyGram.