Қоғам

ДДҰ Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны неге артып жатқанын айтты

Маман шектеулерді жеңілдеткен елдерде вирус өршіп бара жатқанын атап өтті. Егер бұған мән бермесе, вирус жұқтырудың екінші толқыны әлдеқайда қауіпті болуы мүмкін деп отыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 5 маусым – Sputnik. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының еуропалық бюросының басшысы Ханс Клюге Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны неге артып жатқанын айтты.

Ханс Клюгенің айтуынша, негізгі себептердің бірі - инфекцияны зертханада анықтау тәсілінің өзгертілуі.

"Әзербайжан, Қазақстан сынды елдер соңғы бірнеше аптада тест жасау стратегиясын қайта қарастырды. Енді эпидемиологиялық бақылау жүйесінің арқасында COVID-19 жұқтырғандар көбірек анықталып жатыр", - деді ол.

Маман әлемде карантин шаралары кезең-кезеңмен алынуы керек екенін айтып отыр. 

"Біз шектеулерді жеңілдеткен елдерде вирус өршіп бара жатқанын көріп отырмыз. Егер бұл тенденцияға мән бермесек, екінші толқыны әлдеқайда қауіпті болуы мүмкін", - деді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі. 

Еске сала кетсек, кеше, 4 маусымда денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстанда коронавирус инфекциясының екінші толқыны басталып кеткенін айтқан болатын. 

Министрдің айтуынша, әлем бойынша бірде-бір мемлекет коронавирусты толығымен жоймаған. Вакцина шықпайынша, я болмаса, инфекцияның өзі әлсіремегенше екінші толқыны да, үшінші толқыны да келе береді.