"Армата"-ның мұнарасы толығымен автоматтандырылған. "Кинжал" атты қашықтан басқарудың әмбебап модулі негізінде жұмыс істейді. Соның арқасында 14 шақырым шалғай жерде жүрген қарсыласты жоюға болады. Ал 57 миллиметрлік қару минутына 80 рет оқ атады.
Осы санаттағы шынжыр табанды техника жаяу әскерді діттеген жеріне жеткізіп, алдынғы шепте жүрген әскерге оқ атумен колдау көрсетеді. Бұдан бөлек, Т-15 жауынгерлік машинасы танктермен бір қатарда жүре алады. Оған қару-жарағы мен қорғаныс жүйесі толық мүмкіндік беріп отыр. Маневр жасау қабілеті де жоғары.
Машинаны экипаждың үш мүшесі басқарады. Ал десанттық бөлігіне толығымен киінген тоғыз мотоатқыш сыйып кетеді (БМП-2 мен БМП-3-ке жеті десант отыра алады). Әрине, Т-15-тің габариті де өзгеше. Ұзындығы – 9,5 метр, ені – 4,8 метр, биіктігі – 3,5 метр. Ал салмағы - 55 тонна.
Дизельді қозғалтқышта 1500 аттың күші бар. Тереңдігі бес метрге дейін баратын су бөгеттерінен өте алады. Айдалада сағатына 50 шақырым жылдамдықпен жүреді. Ал жолмен 75 шақырымға дейін жеткізеді. Бір рет құйылған жанар-жағармай 500 шақырымға жетеді.
Бүгінде жаяу әскердің жауынгерлік машиналарын танкіге қарсы оқпен тоқтатуға болады. Алайда Т-15-ті ондай оқпен тоқтату қиын. "Армата" санатына кіретін жауынгерлік машина көп қабатты сауытпен қапталған. Экипаж брондалған капсулада отырады. Ал корпустың минаға қарсы конструкциясы экипажды да, десанатты да фугастардың жарылысынан қорғайды.
Танкіге қарсы оқтан қорғану жүйесіне ерекше тоқталған жөн. Біріншіден, арнайы датчиктер қарсыластың лазерді немесе қашықтан көздеу құралын қолданып жатқанын бірден сезеді. Ондайда автоматты түрде түтін шығаратын гранаталар атылады да, қалың тұман пайда болады.
Ал "Афганит" автоматтандырылған жүйесі жауынгерлік машинаны жан-жақты қорғап тұрады. Ол танкіге қарсы зымырандардың жақындағанын бірден анықтап, корпусқа тимей жатып, атып түсіреді. "Афганит" оқ атылған жерді де тауып, қарсы соққы жасай алады. Бұдан бөлек, экипаж арнайы бейнекамералар арқылы айналаның бәрін көріп отырады.
Бұдан бөлек, жауынгерлік машинада радиоэлектронды күрес құралдары да бар. Олар спутниктік навигация мен радио сигналдарды өшіріп, қарсы жақтан жіберілген снарядтар мен зымырандардың бағытын өзгерте алады.
Бүгінде қорғаныс жүйесі жағынан Т-15-ке тең келетін ауыр машина жоқ. Тіпті, немістің "Пумасынан" (Schützenpanzer Puma) да асып түседі. Онымен тек израильдік "Namer" бронетранспортері ғана кейбір параметрлер бойынша бәсекеге түсе алады. Дегенмен, Т-15 жауынгерлік машинаның толық сипаттамасы ашық жарияланбай отыр. Себебі "Армата" Ресейдің қорғаныс министрлігінің құпия жобаларына кіреді.
Т-15 кез келген жерде соғыса алады. Негізгі қару-жарағы – 57 миллиметрлік зеңбірек пен танкілерге қарсы "Атака Т" зымыран кешені. Бұның барлығы "Кинжал" әскери модулі негізінде жұмыс істейді. Модульдің ішінде адам отырмайды. Оны қашықтан басқарады.
57 миллиметрлік қару құрыш бұзатын және жарықшақты-фугасты снарядтармен жердегі, сондай-ақ, әуедегі нысандарды жоюға арналған. Шекті дистанциясы – 14 500 метр. Сондай-ақ, танкілерге қарсы 9М120 "Атака" зымырандарын қолмен басқарып, 10 шақырымға дейін ұшыруға болады.
Жаяу әскерге қарсы 7,62 миллиметрлік пулемет те бар. Ал автоматтандырылған жүйе оптикалық локатармен қарсыласты анықтай алады. Мәселен, бүркеніп жатқан снайперлерді тауып, екі бірдей нысанды қатар атқылауға болады.