НҰР-СҰЛТАН, 5 маусым – Sputnik. Атырауда жанар-жағармай стансасында жарылыс болып, соңы өртке ұласты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Денесін күйік шалған төрт адам ауруханаға жеткізілді.
"5 маусым күні таңертең Атамбаев көшесінде "ПромГаз" ЖШС аумағында газ шығып, жарылыс болып, Ford маркалы автоцистернаның кабинасы өртенді", - деп мәлімдеді Атырау облысы төтенше жағдайлар департаментінен.
Жарылыстан стансадан 60-70 метр қашықта орналасқан ғимарат қирады.
Оқиға орнына ТЖ департаментінің 25 қызметкері мен төрт техникасы аттанды. Өрт сағат 09:58-де сөндірілді.
Бұған дейін Sputnik Қазақстан Ақтөбедегі хром қосындылары зауытында болған төтенше жағдай туралы хабарлаған еді. Зауытта химиялық зат сақталған бөшкені тазалау кезінде қауіпсіздік техникасы ережелері бұзылды. Салдарынан төрт жұмысшының денесін күйік шалып, уланып, оқиға орнында көз жұмды. Тағы бір адам ауруханада жан тапсырды.