Өңірлер

Атырау облысында кәсіпкерлер митингке шықты – видео

Жылыой ауданы Құлсары қаласындағы бутиктердің қожайындары базарлар мен сауда орталықтарынан карантинді алып тастауды, адамдарға жұмыс істеуге мүмкіндік беруді талап етіп отыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 5 маусым – Sputnik. Атырау облысында Құлсары қаласының шағын және орта бизнес өкілдері Жылыой ауданы әкімдігінің алдына жиналды. Олардың басты талабы – карантинді алып тастау және базарлар мен сауда орталықтарының жұмысын жандандыру.

Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі Sputnik Қазақстанға хабарлағандай, Жылыой ауданы бас санитар дәрігерінің қаулысымен карантин режимі 18 маусымға дейін сақталады.  

Қаулыға сәйкес, өңірде эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін сауда орындарының жұмысына тыйым салынған.

"Бұл шешім ауданда коронавирус жұқтыру жағдайын ескере отырып қабылданды. Теңіз кен орнында 1013 адам індетке шалдықты, Жылыой ауданының елді мекендерінде 43 адам тіркелді. Оның 33-і – Құлсары қаласында. Жылыой ауданында коронавирустан екі адам қайтыс болды", - деді Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен.

Құлсарыдағы мәселені реттеу үшін жергілікті билік және құқық қорғау органдарының өкілдері халықпен кездесіп, түсіндіру жұмысын жүргізіп жатыр.

Тағы оқыңыз: Атырауда карантин күшейтілді

Кәсіпкерлермен кездесуге Жылыой ауданы әкімі мен ауданның бас санитар дәрігері қатысуда. Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің тапсырмасымен Жылыой ауданына облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев барды.

Атырау облысы бас санитар дәрігерінің шешімімен өңірде бірінші маусымнан бастап карантин алынды.

Алайда Мақат ауданының Мақат ауылында, Жылыой ауданында және Теңіз кен орнында ("Теңізшевройл" компаниясы мен оның мердігер ұйымдарының коронавирус таралу ошағы бар вахталық кенттерін қосқанда) карантин эпидемиологиялық жағдай толығымен тұрақталғанға дейін сақталады.

Соңғы деректер бойынша Атырау облысында 1 185 адам коронавирус жұқтырды.