НҰР-СҰЛТАН, 5 маусым – Sputnik. Атыраудың бас санитар дәрігері Қанат Ғайнеденов эпидемиологиялық жағдай толығымен тұрақталғанға дейін қалада карантиндік шектеу шараларын сақтау туралы қаулы қабылдады. Оған коронавирус инфекциясынан екі адамның көз жұмғаны себеп болды.
Еске салсақ, Атырау облысында бірден екі пациент – 1964 және 1951 жылғы – коронавирустан қайтыс болды. Олардың өлімі туралы 3 маусымда хабарланды.
Атап айтсақ, мәдени, спорттық және басқа да бұқаралық шараларды өткізуге әлі де тыйым салынған, кинотеатрлар, театрлар мен көрмелер сол күйі жабық қалады.
"Қалыптасқан жағдайға байланысты қаладағы ірі алаңдар мен саябақтарға (Исатай мен Махамбет алаңы, Жеңіс саябағы және Ретро саябақ) баруға тыйым салу туралы шешім қабылданды", - делінген өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарламасында.
Билік қала тұрғындарын санитарлық нормаларды қатаң сақтауға шақырды.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда тағы 4 адам коронавирустан көз жұмды
Жабық ғимараттар мен көшеде, соның ішінде сауда нысандарында, қоғамдық орындарда, аялдамаларда және басқа да халық көп жиналатын орындарда кем дегенде екі метр ара қашықтықты сақтау қажет. Маска тақпай жүруге тыйым салынады, қоғамдық көлікте де бетперде кию міндетті.
Респираторлық инфекцияның алғашқы белгілері (түшкіру, жөтел, дене қызуы) пайда болған жағдайда, тез арада үйге дәрігер шақыртқан абзал.