Қоғам

Алматыда жанжалдың соңы оқ атуға ұласты

Алматы полициясы қақтығыс кезінде қару қолданып, қарсыласын пышақпен жарақаттаған 26 жастағы жігітті ұстады
Sputnik

АЛМАТЫ, 5 маусым – Sputnik. Алматы қаласы Алмалы ауданының полиция қызметкерлері қару қолдану арқылы бұзақылық жасады деген басты күдіктілердің бірін ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.

Тергеушілердің айтуынша, жанжал кезінде күдікті қарсыласының аяғына пышақ сұғып алған. Ал кездейсоқ өтіп бара жатқан адам травматикалық тапаншадан атылған оқтан жарақаттанған. Сөйтіп, қару қолданған 26 жастағы күдікті оқиға орнынан ізін суытуға тырысқан.

"Күдікті 37 жастағы азаматтың аяғын пышақпен жарақаттап, оқиға орнынан қашып кетті. Бірақ көп ұзамай ұсталып, полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 293-бабының 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша тергелуде", – деді Алмалы ауданы полиция басқармасының бастығы Есен Ысқақов.

Ал бұл баптың аясында күдіктіге үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе осы мерзімге түрмеге қамау жазасы қарастырылған.

Оқи отырыңыз: Пышақ жарақатын алып, бүкіл елді шулатқан шенеунік министрдің орынбасары болды

Айта кетейік, бұған дейін Алматы қаласындағы Жұмалиев көшесінің бойында орналасқан кафеде екі топ арасында жанжал туындап, соңы төбелеске ұласқан болатын.

Полицейлердің жедел іздестіру шарасының нәтижесінде, төбелестің бірнеше қатысушысы ұсталып, қалғандарына іздеу жарияланды.