Саясат

Тоқаев: Қазақстанда АҚШ әскери базасын салу мәселесі талқыланбайды

Қазақстан Америка құрама штаттарымен әріптестік орнатқан, алайда әскери база мәселесін қарастырмайды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 3 маусым – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда АҚШ-тың әскери базасын алу мәселесі қарастырылмайтынын айтты. 

"Қазақстанда АҚШ-тың әскери базасын салу мәселесі талқыланбайды және күн тәртібінде тұрған жоқ", - деді ол "Комсомольская правда" басылымына берген сұхбатында.

Президент Қазақстан мен Америка құрама штаттары арасында энергетика, инвестиция және технология салалары бойынша әріптестік сәтті жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.

"Біз АҚШ-пен ядролық қаруды таратпау мәселесі бойынша үнемі байланыстамыз", - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы бұған дейін Қазақстан мен АҚШ мамандары арасында биологиялық қауіпсіздік мәселесі бойынша тығыз әріптестік болғанын атап өтті. 2016 жылдың қыркүйек айында Алматыда Орталық референс-зертхана ашылды. Кейбір мәліметтерге сәйкес, оның құрылысына АҚШ үкіметі 130 миллион доллар бөлген.

"Келісімшарттың аяқталуына байланысты АҚШ ғалымдары Алматыдағы биозертханадан кетті. Қазіргі уақытта тек қазақстандық мамандар жұмыс істеп жатыр. Зертхана мемлекет бюджетінен қаржыландырылады", - деді Тоқаев.

Биологиялық қауіпсіздік саласындағы зерттеулер Қазақстан үшін маңызды. Сондықтан Тоқаев Қазақстан ресейлік мамандармен әріптестік орнатуға дайын екенін жеткізді.

Бір апта бұрын Қазақстан президенті биологиялық қауіпсіздік жөніндегі заң әзірлеуді тапсырған болатын.