Қоғам

Аллергиясы бар адамдар нені білуі қажет: маман кеңес берді

Төрт миллионнан астам қазақстандық аллергиялық аурумен ауырады. Басты аллерген елдің барлық аумағында өсетін жусан тозаңы, ол Қазақстанның оңтүстігі мен орталығында көп
Sputnik

АЛМАТЫ, 3 маусым – Sputnik. Төрт миллионнан астам қазақстандық немесе ел халқының төрттен бір бөлігі әртүрлі аллергиялық аурудан зардап шегеді. Аллергиядан құтылуға бола ма және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы тері-аллергиялық тесттен қалай тегін өтуге болатыны жайлы республикалық диагностикалық орталықтың клиникалық иммунология, аллергология және пульмонология бөлімінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы Елена Ковзель баяндады.

Қазақстанда аллергияның қай түрі жиі кездеседі

Елена Ковзельдің айтуынша, қазақстандықтар көбінесе аллергиялық мұрын бітелуінен зардап шегеді.

"Әр түрлі аллергендерден: өсімдіктердің шаңынан, үй шаңынан, саңырауқұлақ пен жүннен мұрынның шырышты қабығының қабынуы пайда болып, мұрынның ісінуі мен бітелуі, мұрынның шырышты бөлінуі, қышу және қайталанатын бірнеше рет түшкіру еріп жүреді. Аллергиялық аурулармен ауыратын 25% халықтың 75%-інде маусымдық ринит (мұрынның бітелуі) пайда болады", - дейді дәрігер.

Негізгі аллерген – жусан тозаңы, ол Қазақстанның барлық аумағында өседі, оның ішінде оңтүстік және орталық өңірлерде көп таралған.

"Жусан тозаңының құрылымы да ерекше, оның беті тікенекпен қапталған, ол шырышты қабатпен қабаттасып жатады және аллергенге жоғары сезімталдық тудырып ұзақ уақыт бойы сонда өмір сүреді", - деп түсіндірді Ковзель.

Қай аллерген ең қауіпті

Аллергеннің екі мыңнан астам түрі бар. Олардың ішінде ең көп тараған – кенелер, зең саңырауқұлақтары, жануарлардың жүні, азық-түлік өнімдері, дәрі-дәрмектер, металлдар, шөптер мен ағаштардың тозаңы.

"Бірінші орынға дәрі-дәрмектерді қояр едім, себебі олар анафилактогенді болуы мүмкін, яғни анафилактикалық шокқа дейін ауыр аллергиялық реакцияларды тудыруы мүмкін. Екінші орында – азық-түлік өнімдері. Үшінші – зең саңырауқұлақтары. Өсімдіктердің шаңы, кенелер мен жануарлар мұндай өткір реакциялар бермейді", - деп атап өтті Ковзель.

Аллерголог әр адамда аллергенге жеке реакция болуы мүмкін екенін алға тартты. Жеңілден – жанасқан аллергиялық немесе атопиялық түріне дейін, дерматиттен ауыр есекжемге дейін, тіпті анафилактикалық шок пен Квинке ісінуіне, көмейдің жіті стенозы немесе Стивенс-Джонсон синдромына дейін болуы мүмкін.

"Тыныс демікпесі, атопиялық дерматит, экзема және аллергиялық ринит сияқты аурулар адамда өмір бойы болады, бұл науқастың өмір сүру сапасына теріс әсер етеді", - деп ескертті ол.

Аллергиялық ринитті қалай емдеуге болады

Осыдан 25-30 жыл бұрын шаңға аллергиясы бар адамдарға дәрігерлер "климатты" ауыстыруды ұсынды. Бірақ қазір аллергологтар мұндай ұсыныс айтпайды, диагностика мен емдеу хаттамаларын пайдаланады.

"Диагностика мен емдеудің хаттамаларына ғылыми зерттеулерге сәйкес әлемдегі үздік аллерголог-дәрігерлердің сараптамалық тобы даярлайтын халықаралық консенсустар негізінде үнемі өзгерістер енгізіледі", - деп түсіндірді Ковзель.

Аллергиялық ринитті емдеу үш бөлікке бөлінеді: алдын алу, симптомдық және патогендік емдеу.

"Бірінші жағдайда алдын алу шаралары маска, көзілдірік, шырышты қабаттан аллергенді жуу секілді қорғаныс құралдарын пайдалану арқылы аллергияның пайда болуын азайтуға бағытталған", - дейді аллерголог.

Пандемияға байланысты маска тағып жүрген аллергиясы бар адамдар маусымдық аллергиядан азырақ зардап шеккендерін айтты.

Емнің екінші кезеңі екі бағыттан тұрады: дәрілік препарат ішу және мұрынға спрей түріндегі арнайы стероидтарды қолдану.

Үшінші кезең – аллергенспецификалық иммунотерапия.

"Мұндай емдеу түрі жүз жылдан бері белгілі. Осы уақыт ішінде аллергенспецификалық иммунотерапия белгілі бір оң өзгерістерге ұшырады. Оның ұзақтығы үш жылдан кем емес", - дейді Елена Ковзель.

Маусымдық аллергиядан қалай сақтану керек

Көшедегі шаң науқастың тұратын жеріне немесе жұмыс орнына кіріп кетпеуі үшін терезенің торына сыртқы жағынан дәкені орап қоюға болады.

"Егер науқас автобуспен жүрсе, ашық терезеден ауа ағысына бетпе-бет тұрмауға тырысу керек. Егер жеке автокөлікпен жүретін болса, жабық терезелермен жүру немесе кондиционерді пайдалану ұсынылады", - деп кеңес берді Ковзель.

Пациенттерге аллерголог-дәрігерден жеке кеңес алу керек, себебі әр науқастың жағдайы әртүрлі.

Абайлаңыз, зең саңырауқұлақтары

Aspergillus немесе Penicillium сияқты саңырауқұлақтар жертөлелерде, ванна бөлмелері секілді кез келген жерде болуы мүмкін және бронх-өкпе аспергиллезін, өкпенің инвазивті аспергиллезін, бронх демікпесін және аллергиялық ринит тудыруы мүмкін.

Alternaria және Cladosporium тектес саңырауқұлақтар наурыздың соңынан бастап бірінші аязға дейін үлкен мөлшерде топырақта және ауада болып, түрлі респираторлық әсер тудыруы мүмкін.

"Мұнда алдын алу үшін біз поллинозбен бірдей ұсыныстарды пайдаланамыз. Үй-жайда зең мен ылғалдың болмауын қадағалау керек, зең болған барлық бұрышты арнайы құралдармен өңдеу керек", - деп атап өтті аллерголог.

Егер бөлмедегі кондиционер жеке болса,  сүзгілерді жиі ауыстыру керек, егер жалпы болатын болса, кондиционерлеу жүйесін тазарту қажет.

Аллергия неге пайда болады

Егер аллергияның дамуына генетикалық бейімділік болса, одан әрі емделушінің өзі мен балаларында аллергиялық ауру пайда болуы мүмкін.

"Ең ерте көрініс – 4-7 айлық балаларда пайда болатын атопиялық экзема. Бұдан әрі бронх демікпесі, аллергиялық ринит, атопиялық дерматит сияқты басқа да аллергиялық аурулардың дамуы мүмкін. Аллергопатологияның мұндай динамикалық дамуы "атопиялық марш" деп аталады", - дейді Елена Ковзель.

Аллерголог адамдардың аллергиялық процестің өршуіне бейім көптеген фактордың қоршап тұратынын айтты.

Бұл тамақ пен тұрмыстың химиялануы, қоршаған ортаның ластануы, құрылыс шаңы және т.б.

Аллергияның себебін қалай анықтауға болады

Зертханалық зерттеулер арқылы қандай аллерген белгілі бір аурудың қоздырғышына айналғанын анықтау қажет.

"Әрине, біз аурудың дамуындағы себеп болған аллергенді анықтай аламыз, бұл тиімді терапиялық және алдын алу шараларын әзірлеу үшін үлкен маңызға ие", - дейді маман.

Оқи отырыңыз: Дәрігерлер мандаринді қай уақытта жеуге болмайтынын айтты

Айтуынша, аллергодиагностика екі түрге бөлінеді: invitro немесе пациенттің қанын зертханалық зерттеу және invivo-тері-аллергиялық тестілеу.

"Диагностиканың барлық түрі, оның ішінде дәрі-дәрмекке аса жоғары сезімталдықты қоса алғанда, емделушілерге ақылы, сонымен қатар МӘМС аясында емдеуші дәрігердің жолдамасы болған жағдайда қолжетімді", - деп атап өтті Елена Ковзель.

МӘМС шеңберінде мамандандырылған аллергологиялық қызметті алуға болады:

  • Нұр-Сұлтан қаласындағы республикалық диагностикалық орталығында (клиникалық иммунология, аллергология және пульмонология бөлімшесі);
  • "Ақсай" республикалық балалар клиникалық ауруханасында;
  • Алматы қаласындағы кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының аллергология бөлімінде;
  • Шымкент көпсалалы ауруханасының аллергология бөлімінде;
  • Облыстық емханалар мен ауруханалардың аллергологтары.

Аурудың толық және анық көрінісін анықтау үшін, науқасты кешенді тексеруден өткізу қажет.

Аллергия және өз бетінше емделу

Көп жағдайда адамдар өздеріне өзі диагноз қойып, өзіне дәрі-дәрмек жазып алады. Кем дегенде диазолин ішеді, ауыр жағдайда супрастин ішеді немесе интернеттегі халық еміне жүгінеді.

"Әрине, екінші буындағы тиімді антигистаминді препараттарды науқастар жедел жәрдем келгенше жедел реакцияны жою немесе жылдам өзіне көмек көрсету үшін пайдалана алады. Аллергиялық процесс болған жағдайда бұл қандай да бір әсер етуі мүмкін, алайда ол уақытша ғана әсер етеді", - дейді аллерголог.

Егер аллергия болмаған жағдайда, керісінше, науқастың жағдайы ауырлап немесе маманның диагноз қоюын қиындатып жіберуі мүмкін.

"Интернеттегі халық емі күтпеген әсер беруі мүмкін және аллергиялық реакция тез дами алатынын ескере отырып, тіпті зиян келтіруі мүмкін. Дәрігер науқасқа шұғыл көмек көрсетуге үлгермей қалуы мүмкін, сол себепті өз бетінше емдеуден аулақ болу қажет", - деп ескертті дәрігер.

 Аллергиясы бар адамға қалай көмек көрсету қажет

Егер жағдай өткір аллергиялық реакцияға жеткен болса және науқастың жанында дәрігерлер болмаса, жедел жәрдем шақырып, тиімділігі бар левоцетиризин немесе дезлоратидин секілді антигистамин препараттарын қабылдау қажет.

"Мұндай жағдайда мөлшер екіден төрт есеге дейін артуы мүмкін. Егер оған қандай да бір аллергеннің әсері болса, оны мүмкіндігінше азайту қажет. Мысалы, қандай да бір жәндік шағып алса, шаққан жерінен араның тілін жұлып алып, спиртпен сүрту қажет және антигистаминді препараттардың жоғары дозасын беру керек", - дейді Елена Ковзель.

Әрбір пациент үшін аллерголог дәрігер аллергиялық реакция пайда болған жағдайда, пациент жасауы тиіс барлық әрекет көрсетілген көмек жоспарын дайындайды.

"Жақын арада дәріханаларда анафилаксияның даму қаупі кезінде өзіне көмек көрсетуге арналған шприц – қалам  түріндегі эпипен (эпинефрин, адреналин) пайда болады. Оны қолдану өте ыңғайлы", - дейді дәрігер.

Аллергиядан емделу қанша тұрады

Осы тұста аллергиялық аурударды емдеу ақылы ма әлде тегін бе деген сұрақ туады.

Қазақстан көптеген елден бірнеше бағыт бойынша тегін медициналық көмектің қолжетімділігімен ерекшеленеді, оның ішінде аллергологиялық аурулар да бар, деп атап өтті дәрігер.

"Өткір аллергиялық реакция кезінде жедел жәрдем шақыру, стационарда емдеу, диагностикалық зерттеулер жүргізу және жалпы емдеу тегін көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде де, МӘМС аясында да жүргізіледі", - дейді Елена Ковзель.

Бронх демікпесі бар пациенттер республикалық бюджет қаражаты есебінен базалық және шұғыл көмек препараттарын тегін алады.