Қоғам

Тоқаев: Қазақстандағы орыстар – еліміздің ажырамас бөлігі

Этносаралық келісім – бұл ішкі саяси тұрақтылықтың маңызды факторы, онсыз елдің тұрақты дамуы мүмкін емес, дейді президент
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 3 маусым – Sputnik. Ресейлік "Комсомольская правда" газетіне берген сұхбатында Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстандағы орыстар құқығы қаншалықты қорғалады" деген сұраққа жауап берді. Ол қазақстандықтар этникалық шығу тегіне қарамай, өздерін бір халық деп санайтынын айтты.

"Этносаралық келісім – бұл ішкі саяси тұрақтылықтың маңызды факторы, онсыз елдің тұрақты дамуы мүмкін емес. Қазақстан – Ресей сияқты көпұлтты мемлекет. Мен мұны үлкен стратегиялық артықшылық деп санаймын, біз "әртүрліліктегі бірлік" қағидатын негізге аламыз. Шын мәнінде, қазақстандықтар этникалық шығу тегіне қарамай, өздерін біртұтас халық, біртұтас ұлт санайды", – деді Тоқаев.

Ол Қазақстанда "ұлттық азшылық" түсінігі жоқ екендігіне назар аударды.

"Қазақстанда 3,5 миллионнан астам орыстар тұрады, олардың жалпы халық санындағы үлесі 19%-ті құрайды. Жақында шетелдік сараптамалық материалдардың бірінде мен "Қазақстандағы орыс диаспорасы" деген сөйлемді кездестірдім. Кейін шынайы жағдайға түбегейлі қайшы келетін мұндай пікірді қолданбау керектігі туралы идеологтарымыз бен сарапшыларымызға ескерту жасадым. Орыстар – біздің халқымыздың ажырамас бөлігі, олардың Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі өте зор және ұмытылмайды", – деді Тоқаев.

"Әліпби ауыстыруға терең парасатпен келуіміз керек"

Мемлекет басшысы сұхбат барысында латын әліпбиіне көшу орыс тілінің жағдайына әсер ете ме деген сұраққа да түсінік берді.

"Қазақ әліпбиін жаңғырту қазақ тілінің коммуникациялық мүмкіндіктерін кеңейту ниетінен туындады", – деп түсіндірді президент.

Ол Орталық Азия мемлекеттерінің тәжірибесін ескере отырып, біртіндеп латын әліпбиіне көшу керектігін атап өтті.

"Бұл жерде негізгі сөз кириллицадан латынға ыңғайланған аударма туралы емес, қазақ тілінің емлесін қайта құру туралы болып отыр. Сонымен қатар, біз қазақ әдебиетіндегі классиктердің барлық айтулы шығармалары кириллицада жазылғанын, қазақ ұлтының көптеген буыны кирилл алфавитімен білім алғанын, әлі де білім алып жатқанын ұмытпауымыз керек. Асығыстық мұндай ауқымды іске зиянын тигізуі мүмкін. Сондықтан біз бұған терең парасатпен келуіміз керек", – деді президент.

Оқи отырыңыз: Тоқаев қазақстандықтарға үндеу жасады

Сондай-ақ, Тоқаев мемлекеттік қызметке кіру үшін дискриминация бар деген пікірді де жоққа шығарды. Ол барлық билік тармақтарында славян және басқа ұлт өкілдері бар деп сендірді.