Қоғам

Қазақстанда алған коронавирус анықтамасы ЕАЭО елдерінде жарамсыз – бас санитар дәрігер

ЕАЭО елдері арасында коронавирус анықтамасын одақ аумағында жарамды деп тану туралы келісім әзірге жоқ
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 2 маусым – Sputnik. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің санитар дәрігерлері одақ аумағында коронавирустың жоқтығы туралы анықтаманы жарамды деп тану мәселесін пысықтап жатыр. Бұл туралы Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Ол ЕАЭО елдері арасында коронавирус тестінің теріс нәтижесі туралы анықтаманы одақ аумағында жарамды деп тану туралы келісім әзірге жоқ екенін айтты.

"Бірақ бас санитар дәрігерлердің кеңесі аясында бұл мәселе көтеріліп, талқыланып жатыр", - деді Есмағамбетова тікелей эфир барысында.

Яғни, Қазақстанда ПТР тест тапсырып, коронавирус табылмағаны туралы анықтама алып, Ресейге барсаңыз, көрші елде бұл қағаздың ешбір күші болмай қалады.

Айта кетсек, Еуразиялық экономикалық одаққа бес мемлекет – Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Беларусь және Армения мүше.