АЛМАТЫ, 31 мамыр – Sputnik, Айгерім Таубай. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр актері, көпшілікке тележүргізуші ретінде танымал Рахман Омар 26 жылдан бері Мүсірепов атындағы мемлекеттік театрда еңбек етіп келеді. "Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ", "Қызық екен" секілді бағдарламалар арқылы көрермен көңілінен шыққан азамат театрда қандай рөлді сомдағысы келетінін Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында айтты.
Ең бастысы – театр
"Басты мамандығым – театр актері екенін біреу білсе, біреу білмейді. Көбі тележүргізуші ретінде таниды. 1993 жылдан бері Ғабит Мүсірепов атындағы театрда жұмыс істеймін. Үлкенді-кішілі 60 шақты рөлді сомдадым. Телеарна саласында бірнеше жобада жүргізуші болдым. "Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ" бағдарламасын ел аузында әлі күнге дейін жүр. Барлық арнада қызмет атқардым", - деп бастады әңгімесін актер.
Айтуынша, игермеген саласы кино, алайда Досхан Жолжақсыновтың "Құнанбай" фильмінде эпизодта ойнаған.
"Құнанбай" фильмінде тілмаштың рөлін сомдадым, көркем фильмге түскенім осы болды. Эпизодтағы шағын ғана рөл болды. Одан бөлек телехикаяларға шақырады, алайда қандай фильм екеніне қарап, бас тарттым. Өйткені қайталау көп. Мен үшін ең бастысы – театр", - дейді Омар.
Түрік және корей телехикаялары жаулап алды
"Телеарнада 1-2 жылға жоспарларланған жобаларға қатысып тұрамын. Соның бірі – "Қызық екен", "Кім білгір" секілді интелектуалды бағдарламалар. Бір жылға жоспарланған "Қызық екен" бағдарламасы көрерменнің сұрауы бойынша екі жылдай жүрді. Қазір де сұрайды.
Өйткені қазір телеарнада интеллектуалды бағыттағы бағдарламалар өте аз. Кезінде "ХХI ғасыр көшбасшысы" секілді бағдарлама болды. Қазір қай арнаны қоссақ та, қойыртпақ дүние көп, телеарнаның барлығын түрік және корей телехикаялары жаулап алған. Артында қомақты қаржы тұрған шығар, ол жағы маған беймәлім. Арнаның ішкі асханасына қол сұқпаймын", - дейді ол.