НҰР-СҰЛТАН, 29 мамыр – Sputnik. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирус жұқтырған, бірақ ауру белгілері байқалмайтын науқастар неге инфекциялық стационарларға жатқызылмайтынын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұған дейін елімізде індетке шалдыққан науқастар дене қызуы, жөтел сияқты ауру белгілері болмаса да, ауруханаға жатқызылатын. Денсаулық сақтау министрлігі ауру белгілері жоқ адамдарды емдеу тәсілін өзгертті.
"Вирус жұқтырғандардың дені – ауру адамдар емес, вирус тасушылар. Коронавирус тесті оң нәтиже көрсеткен адамдардың 80 проценті ауру белгілері жоқ санатқа жатады", - деді Біртанов "Хабар 24" телеарнасында өткен тікелей эфирде.
Айтуынша, бұл адамдарда вирус белгілері өте әлсіз, сол себепті айналасындағы адамдар үшін соншалықты қауіпті емес.
"Осыған байланысты біз ауру белгілері жоқтарға қатысты емдеу тәсілін өзгерттік. Кеше бірлескен комиссияда ғалымдармен ақылдасып, мұндай санаттағы адамдарды инфекциялық стационарларға жатқызудың қажеті жоқ деген шешімге келдік. Учаскелік дәрігерлер олардың үйіне күн сайын телефон шалып, денсаулығын сұрап тұрады. Ауру белгілері байқалған жағдайда, ауруханаға жатқызуға болады", - деді министр.
Министрліктің есебінше, мұндай пациенттердің 30 процентінде ғана ауру белгілері пайда болады. Негізінен, олар жеңіл түрде өтеді.
Біртанов осы санаттағы пациенттерді үй карантині кезінде бақылау мерзімі де өзгергенін атап өтті.
Енді дәрігерлер ауру белгілері жоқ науқастарды бұрынғыдай 14 күн емес, 10 күн ғана бақылайды.