Өңірлер

Қордайдағы қақтығыс: 59 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды

2020 жылдың 8 ақпанында Қордай ауданының 3 ауылында 2000-ға жуық адамның қатысуымен жаппай тәртіпсіздік салдарынан 11 азамат қаза болды
Sputnik

АЛМАТЫ, 29 мамыр – Sputnik. Қордай ауданындағы жаппай тәртіпсіздікке қатысқан 59 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, 29 қылмыстық іс тексеріліп жатыр. Бұл жайында Арнайы прокурорлар қызметінің басшысы Ризабек Ожаров мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

2020 жылдың 8 ақпанында Қордай ауданының 3 ауылында 2000-ға жуық адамның қатысуымен жаппай тәртіпсіздік салдарынан 11 азамат қаза болды, 10 адам кісі қолынаН, бір адам өртенген сауда үйінің құлауынан көз жұмды. 140 азамат, 20 полиция қызметкері әртүрлі жарақат алды.

"164 тұрғын үй және сауда нысаны, 100-ден аса көлік бүлінді. 342 адам жәбірленуші деп табылды, 400-ден аса сот-сараптама жүргізілді. Бір жарым мың адамнан жауап алынды. Тәртіпсіздіктің бастаушылар екі тараптан да болғанын айта кету керек. Қылмыстық жауапкершілікке 59 адам тартылды, олардың арасында қазақтар да, дүнгендер де бар", - деді Ожаров.

Түрлі факт бойынша 29 қылмыстық іс тексеріліп жатыр.

"Адам өлтіру, жаппай тәртіпсіздікке қатысу, полиция қызметкерінің өміріне қолсұғушылық, ұрлық, тонау, қарақшылық және мүлікті жою фактілері бойынша 29 қылмыстық істі тергеп-тексеріп жатырмыз", - деді ол.

Масаншы, Бұлар батыр, Ауқатты ауылдары тұрғындарының мүлкін қирату, бұзуға қатысқандардың басым бөлігі жұмыссыз жастар екені айтылып отыр.

"Олардың арасында адам өлтіру, қарақшылық, бұзақылық, тонау, зорлау фактісімен сотталғандар да бар. Тәртіпсіздік барысында азаматтарға барынша зиян келтіру үшін атыс қаруын, жандырғыш қоспаларын, тастар мен қолда бар басқа да құралдарды қолданған. Күдікті адамдардың қатысы айғақтармен, елді мекенде орналасқан бейнекамералармен, ұялы телефонға түсірілген бейнежазбалармен расталады", - деді арнайы прокурорлар қызметінің басшысы.

Тағы оқыңыз: Әкімдік Қордайда 11 нысан неге қалпына келтірілмей жатқанын түсіндірді

Бостандықта жүрген 12 күдікті адамға жеке кепілгерлік түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Қордай ауданы тұрғындары арасынан сенімді адамдар сәйкес міндеттемелерді қабылдады.

"Кінәсін мойындаған, тергеуге көмектескен, қылмыс жасаудағы екінші деңгейдегі рөлдері, отбасылық және денсаулық жағдайы ескеріліп, 8 адам қамаудан босатылды", - деді ол.