Қоғам

Тоқаевтың тапсырмасы: министр дәрігерлердің жалақысы қаншаға өсетінін айтты 

Министр медицина қызметкерлерінің айлығын арттыру жұмысы былтыр басталғанын атап өтті. Ол кезде ақхалаттылардың жалақысы 30%-ке көбейген
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 29 мамыр – Sputnik. Әлем елдерінің стандарттарына жақындау үшін дәрігердің орташа жалақысы 550 мың теңге болуы тиіс. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Ол медицина қызметкерлерінің айлығын арттыру жұмысы былтыр басталғанын атап өтті. Ол кезде ақхалаттылардың жалақысы 30%-ке көбейген. 

Бұдан бөлек, қаңтардан бастап республикалық бюджеттен және медициналық сақтандыру қорынан еңбекақы төлеу қорын 30 процентке арттыру үшін қосымша қаржы бөлінді. 

"Біз есеп-қисап жүргіздік. Бізге әр жыл сайын еңбекақы төлеу қорын 30%-ке арттыру қажет болады. Сол кезде қалаған деңгейге жетеміз, әлем елдерінің стандарттарына жақындау үшін дәрігердің орташа жалақысы 550 мың теңге болуы тиіс. Әйтпесе, біз кадрларымызды жоғалта береміз", - деді Біртанов "Хабар 24" телеарнасында өткен тікелей эфирде. 

Айтуынша, бекітілген 2025 жылға дейінгі денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасында медицина қызметкерлерінің еңбекақысын кезең-кезеңмен өсіру жоспарланған. 2025 жылға қарай дәрігерлердің жалақысын экономикадағы орташа жалақыдан 2,5 есе артық ету көзделген. 

"Алайда президент қазіргі жағдайды ескеріп бұл көрсеткішке 2023 жылы жетуді тапсырды. Осыған байланысты біз тиісті есептеулер жүргіздік", - деді ол. 

Айта кетсек, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында дәрігерлердің жалақысын биылдан бастап кезең-кезеңмен өсіруді тапсырды.