НҰР-СҰЛТАН, 29 мамыр – Sputnik. Мемлекет басшысы "Кейбір заңнамалық актілерге әскерлер мен әскери құрылымдардың арсеналдары, базалары мен қоймалары жанындағы тыйым салынған аудандар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды, деп хабарлайды Ақорда.
Заң жобасын депутаттар тобы ұсынып, 25 ақпанда палата қарауына жіберген болатын.
Енді шекараны белгілеу мәселесі әкімдік және арсенал, база, қару-жарақ қоймасы мен әскери техника тиесілі мемлекеттік органдармен келісілуі тиіс.
Ережені бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.
Сондай-ақ, бұл норма қала құрылысы талаптарына қосылады. Бұдан бөлек, үкіметке тыйым салынған аймақтар мен аудандар тізімі мен ережесін бекіту өкілеттігі беріледі.
Арыстағы жарылыс
Еске сала кетсек, 2019 жылдың 24 маусымында сағат 10 кезінде Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасында жойқын жарылыс болды. Қала тұрғындары Шымкент пен көршілес аудандарға шұғыл көшірілді.
Төтенше жағдай салдарынан төрт адам қаза болды: екі әскери қызметкер, бір жергілікті тұрғын және бір бала. Жарылыстан зардап шеккен бала санавиациямен Нұр-Сұлтан қаласына жеткізілген болатын. Алайда дәрігерлер оның өміріне араша түсе алмады.