Оқиға

Бурабайда терминалға жол ақысын төлемек болған жүргізуші көз жұмды 

Полиция қызметкері тағы да жол апатын жасады. Бурабайда бөлім бастығы адам қағып өлтіріп, қашып кеткен
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 29 мамыр – Sputnik. Жылдамдықты шамадан тыс асырған шенді полиция қызметкері Бурабайға кіреберісте адам қағып кеткен.

Төлем терминалына барып, жолақысын төлеп тұрған кісі сол жерде жан тәсілім етті, деп хабарлады КТК.

Соққының қатты болғаны сонша, марқұм 40 метрдей ұшып, денесі бөлшектеніп кетіпті. Ал полицей оқиға орнынан із суытқан.

Нұрлан Жүнісов таңертеңгісін Макинск қаласына іссапарға кеткен. Ол жүк көлігімен Көкшетаудағы электр желілері торабында бағаналар тасып жүрген. Жолда көліктен түсіп төлем терминалына жол ақысын төлемек болып жақындағанда, жүйткіген көлік қағып кеткен.

"40-43 метрге ұшып түскенін айтып жатыр. Щучьеде болған, көлік жүргізуші тоқтамай, кетіп қалған. Мас болған көрінеді", - дейді марқұмның қызы Маржангүл Нүкенова.

"Мұсылмандық жолмен шаңырағында бір түнетіп, арулап барып жерлей алмадық" - деп өкінеді туысқандары. Өйткені марқұмның денесі бөлшектеніп қалған, мәйітханадан әкеліп, есік алдынан жөнелткен.

Ал оқиға орнынан қашып кеткен Макинск қалалық желілік полиция бөлімінің бастығы екен. Басшылары оны қызметінен шығарып үлгеріпті.

Оқи отырыңыз: Алматыда блок бекетті соққан ер адам полицияда 6 жыл жұмыс істеген – ІІМ

"Көліктегі полиция департаменті бастығының биылғы 27мамырдағы бұйрығымен Макинка станциясындағы желілік полиция бастығы, майор Роллан Қанғожин ішкі істер органдарынан шығарылды. Сонымен қатар Көкшетау станциясының желілік полиция бөлімінің бастығы атқарып отырған лауазымынан босатылды", - дейді Қазақстан ІІМ көліктегі полиция департаментінің баспасөз хатшысы Ләззәт Қасымжанова.

Жол апатын жасаған бөлім бастығының бұл әрекетінен кейін департаменттің бірнеше басшы қызметкері де тәртіптік жауапқа тартылған

Қазір полиция майоры қамауға алынып, "Жол ережесін өрескел бұзу" бабымен тергеліп жатыр. Ал оқиға орнынан қашып кеткені туралы бір ауыз сөз жоқ.