Қоғам

Блок бекеттегі трагедия: күдіктінің әкесі полиция мәлімдемесін жоққа шығарды - видео

Азат Азаматов осы айдың басында ғана лейтенант шенін алған полиция қызметкері болған. Апат болған күні кезекшілікке түсіпті
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 28 мамыр - Sputnik. Алматыдағы блок бекеттегі апатқа себепші болған Азат Азаматовтың әкесі сұхбат берді. 

Азат Азаматов осы айдың басында ғана лейтенант шенін алған полиция қызметкері болған. Апат болған күні кезекшілікке түсіпті, деп хабарлайды Информбюро 31.

Күдіктінің әкесі полицияның Азат Азаматов экс-қызметкер деген мәлімдемесін жоққа шығарды. 

"Ұлымның ішімдік ішкеніне күмәнім бар. Карантин кезінде күндіз-түні, 18-19 күннен жұмыс істеді. Таңғы бесте қалғып кетуі мүмкін. Ұлым қолымен істегенін мойнымен көтереді. Алайда оқыс оқиғаны қасақана жасаған қылмыс деп жала жабуға болмайды. Ешкім олай жасамайды", - дейді әкесі Талғат Мұқашев.

Өзі де ішкі істер органдарында 28 жыл қызмет етіп зейнетке шыққан азамат оқиғаның анық-қанығы камераға түсуі керек екенін айтып отыр. Ол құрылғының істен шыққанына күмән келтірді.

"Қайтыс болған жігіт баласының шілдеханасына шақырған екен. Екеуі араласқан. Сөйте тұра, қалай қылмысқа барды деп ойлайсыздар. Қасындағы жолдасына қасқыр да қастық қылмайды. Бұл оқыс оқиға ғой. Қайтыс болған азаматтардың ата-анасына, туыстарына қайғырып көңіл айтамын", - деді Мұқашев.

Блок бекеттегі трагедия

25 мамыр күні таңертең Көксай ауылындағы блок бекеттердің бірінде жантүршігерлік жол апаты болып, екі полицей көз жұмды. Сол сәтте көлік ішінде болған 42 жастағы полицей Жарас Жанғазиев оқиға орнында, ал оның әріптесі Дастан Әбдіқанов аурухана төсегінде көз жұмды. Тағы бір полицей ауыр жараланды. Ол бекеттен әрі-бері өткен көліктерді тексеріп тұрған. Басынан ауыр жараланған полицейге ота жасалды.

№7 қалалық клиникалық аурухананың нейрохирургы Ерлан Түбелбаев науқастың жағдайы тұрақты ауыр екенін айтты. Миына компьютерлі томография жасалынды. Науқас жасанды тыныс алдыру аппаратына қосылған. Жансақтау бөлімінде емделіп жатыр.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қайтыс болған полицейлердің отбасына пәтер берілетінін айтты.

Оқиғаны ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев жеке бақылауына алды.

Күдіктінің кінәсі дәлелденсе 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.