Қоғам

Америкалық отбасы асырап алған қыз Қазақстандағы ата-анасын іздеп жатыр – видео

Азия Бергер Флорида штатында Диснейлендтен бес минуттық жерде тұрады. Лекси, Ари деген бір әпке, бір сіңлісі бар. Колледжде өнер саласында оқиды
Sputnik

АЛМАТЫ, 28 мамыр – Sputnik. Азия Бергерді 2001 жылы америкалық отбасы асырап алған. Қазақстанның Семей қаласында туған бойжеткен биологиялық ата-анасын тапқысы келеді. Бұл жайында ол Facebook қолданушысына берген сұхбатында айтты.

Азияның айтуынша, биологиялық ата-анасы Құралай және Қуат Ашқановтар есімді жұп. Бойжеткен 2000 жылы дүниеге келген, 2001 жылы америкалық отбасы асырап алған.

Оқи отырыңыз: Америкалық отбасы асырап алған Айсұлудың қалай Дэвинге айналғаны белгілі болды 

"Аты-жөнім – Asia Berger. Бұл есімді Америкадағы ата-анам қойған. Шын есімім – Салтанат Ашқанова. Мені Қазақстанның Семей қаласынан 16 ай кезімде асырап алған. Өзімнің биологиялық ата-анамды табамын деп шешім қабылдадым. Тегім – Бергер, бірақ біз неміс емеспіз. Әкемнің ата-бабасы, туыстарының неміске қатысы болуы мүмкін", - дейді бойжеткен сұхбатында.

Азия Флоридада тұрады, отбасында екі бауыры бар. Колледжеде өнер саласында оқиды.  

"Мен Флоридада Диснейлендтен бес минуттық жерде тұрамын. Ол жерге бала кезімде баратынмын. Лекси, Ари деген бір әпкем, бір сіңлім бар. Үйде ортаншы баламын. Колледжде өнер саласында оқимын. Біз бір-бірімізбен өте жақын араласамыз, бірге қыдырамыз", - деді ол отбасы жайлы.

Айтуынша, америкалық ата-анасы асырап алғанын жасырмаған.

"Мені асырап алғанын сұрастырып білген жоқпын. Оны бұрыннан білетінмін. Әкем Нью-Йоркте Бруклинде туып өскен. Анам Орталық-батыста туған. Анамның шашы сары, көздері көк. Сырт келбетімізде айырмашылықтар байқалатын. Ата-анам асырап алғаны жайлы жасырған емес", - дейді ол.

Азия сұхбат барысында үйінде Қазақстан жайлы кітаптың көп екенін айтты.

"Барлық жағынан ашық сөйлесе білеміз. Әкем туған жерін білуді маңызды деп санайды. Әсіресе, үйімізде Қазақстан жайлы кітап көп. Қай жерден екенімді біле бермеймін, алайда ата-анамның маған көмек көрсетіп жатқаны үшін ризамын", - дейді бойжеткен.

"Қазақстан жайлы ешқашан жаман пікірде болған емеспін. Себебі туған ата-анамның өз қиындығы болған шығар. Одан бөлек асырап алынған барлық баланың атынан да сөйлей алмаймын, әр адамның өз қиындығы, өмір тәжірибесі бар. Сол туралы ойлаған кезде туған ата-анама деген өкпе-реніш те, сағыныш та жоқ, - дейді ол.

Бойжеткен биологиялық ата-анасының өткен өмірін білмей тұрып, оларды талқылай алмайтынын айтты.

"Менің америкалық ата-анам көп саяхаттайды. Әртүрлі елді, мәдениетті көрген кезде бірден үйренісе алмайды. Мен де Қазақстанға барсам, дәл солай мәдени шок алуым мүмкін", - дейді Азия Бергер.