Саясат

Тоқаев қорғаныс министріне тапсырма берді

Президент Қазақстанның қорғаныс қабілетін күшейтуді, Қарулы күштердің жабдықталуын жақсартуды, шығындарды оңтайландыруды тапсырды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 28 мамыр – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевты қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.

Қазақстан президенті – Қарулы күштердің жоғарғы бас қолбасшысына Қазақстан армиясының штаттық құрылымын оңтайландыру мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар, қару-жарақтарды, әскери техника мен оқ-дәрілерді инвентаризациялау және тексеру, коронавирус індетінің таралуына қарсы күрес, сондай-ақ, жүзеге асырылып жатқан ірі инфрақұрылымдық жобалар туралы баяндалды.

Ермекбаев Тоқаевқа қазіргі уақыттағы сын-қатерлерді ескере отырып, Қарулы күштердің жаңа келбетін қалыптастыру, түрлі табиғи және техногендік төтенше жағдайларды жою кезінде әскери қызметшілерді жұмылдыру мүмкіндігі мен қажеттігі жайында мәлімет берді.

Тағы оқыңыз: Тоқаев Есімовті Ақордаға не үшін шақырды

Сонымен қатар президент Ермекбаевтың әскери бөлімшелердің дайындығы, мемлекеттік қорғаныс саласындағы тапсырыс мәселелері, бюджет мүмкіндіктерін ескере отырып, әскери техникамен жабдықтау, Қорғаныс министрлігін автоматтандыру және цифрландыру жөніндегі есебін тыңдады.

Жоғарғы бас қолбасшы еліміздің қорғаныс қабілетін күшейтуді, Қарулы күштердің жабдықталуын жақсартуды, шығындарды оңтайландыруды, әскери қызметшілердің білім деңгейін көтеріп, біліктілігін арттыру мүмкіндіктерін пысықтауды тапсырды.