НҰР-СҰЛТАН, 28 мамыр – Sputnik. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі парамен ұсталған лауазымды тұлғалардың видеосын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ресми ақпаратқа сәйкес, Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Ол Успен аудандық ветеринария станциясының қызметкерлеріне тиесілі ақшаны жымқырғаны үшін айыпталып отыр. Енді, шенеунік сот алдында жауап береді.
Ал Түркістан облысында Келес аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу бастады. Ол атаулы әлеуметтік көмектің ақшасын тағайындап аударғаны үшін 40 мың теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінді. Күдікті тергеуді тездетіп аяқтауға өтініш берді.
Шымкентте экономикалық тергеу департаментінің жедел бөлімінің аға жедел уәкілі тергеуге алынды. Ол жалған акциздік маркаларды қолданған кәсіпкерден 200 мың теңге көлемінде пара алғаны үшін айыпталды.
Бұдан бөлек, ұттық экономика министрлігіне қарасты бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің Шымкент қалалық департаментінің талдау бөлімінің басшысы парамен ұсталды. Қызметкер "Қазақстан теміржолы" АҚ филиалының жүк тасымалы бөлімі инженерінен 500 мың теңге көлемінде пара алды деп күдіктелуде.
Ақтөбе қаласында облыстық полиция департаментінің қызметкері ұсталды. Патрульдік полиция инспекторы карантиндік блок-бекетті айналып өткен адамға әкімішлік хаттамаға толтырмаған. Сол үшін 15 000 теңге алды деген күдік бар.
Алматы облысында техникалық қадағалау қызметкерінің қылмысы әшкереленді. Ол Қаратал ауданында жолды күрделі жөндеу бойынша жалған құжаттарға қол қойып, мемлекетке 90 миллион теңгеден астам шығын келтірді.
Сондай-ақ, Таразда кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің бұрынғы басшысы мен бухгалтеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Олар да жасалмаған жұмыстардың актілеріне қол қойған. Сөйтіп, жеке кәсіпкерге бюджет қаражатын аудару арқылы 1 175 500 теңге жымқырды деген күдік бар.