Қоғам

Биыл халықтың 52 процентін газбен қамту жоспарланып отыр – министр

Нұр-Сұлтанды газдандыру жұмыстары үш кезеңге бөлінген. Бірінші кезекте 9 нысанды газдандыру жоспарланып отыр
Sputnik

АЛМАТЫ, 27 мамыр – Sputnik. 2020 жылы халықтың 52,23%-тін газбен қамту жоспарланып отыр. Бұл жайында энергетика министрі Нұрлан Ноғаев есеп беру барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Қазақстанда 2019 жылы республикалық бюджет есебінен 40 миллиард теңгеге 88 газдандыру жобасы іске асырылды.

"2019 жылдың 31 желтоқсанында елімізді газдандыру 51,2%-ті құрап, 2018 жылмен салыстырғанда өсім 1,7%-ке жетті. Газды өз игілігіне қолдануға шамамен 9,5 миллион адам қол жеткізді. 2020 жылдың соңына дейін газдандыру деңгейін 52,23%-ке дейін жеткізу жоспарланып отыр", - деді Ноғаев.

Министр өз есебінде 2019 жылы 1 061 километр газ құбыры салынғанын атап өтті.

"Магистральдық газ құбырын жүргізу Қарағанды, Нұр-Сұлтан, Теміртау, Жезқазған қалаларының және газ құбыры трассасына жақын орналасқан 171 елді мекеннің тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Тұтынушыға газ беру үшін қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан мен Қарағанды облысының әкімдіктері бекітілген кестеге сәйкес газ тарату желілерінің құрылысын жүргізіп жатыр", - деді министр.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда газдың көтерме бағасы бекітілді 

Есеп беру барысында министр астанадағы тұрғын үйлерді газбен қамтуға қатысты сауалға жауап берді. Министрдің айтуынша, астананы газдандыру жұмыстары үш кезеңнен тұрады.

"Бірінші кезең 2020-21 жыл, екінші кезең 2021-23 жылдар, ал үшінші кезең 2023-25 жылдар. Қаланы газдандыру осы үш кезеңде жүзеге асады. Бірінші кезекте 9 нысанды газдандыру жоспарланып отыр, соның ішінде алты су жылыту қазандықтары мен ЖЭО-1 және ЖЭО-2 газға ауыстырылады. Барлығы 16 су жылыту қазандығы бар, соның алтауы биыл газға ауысады. Сонымен қатар қала әкімдігімен әлеуметтік нысандарды газға ауыстыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр", - деді Ноғаев.