НҰР-СҰЛТАН, 27 мамыр – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлерді қателік жасағаны үшін қылмыстық жазаға тарту мәселесін жан-жақты зерделеуді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Меніңше, "дәрігерлерлік қателік" үшін қылмыстық қудалау тәжірибесін қайта қарап шыққан дұрыс. Атап айтқанда, медицина қызметкерлерін өз міндеттерін тиісті деңгейде атқармағаны үшін бірден қылмыстық жазаға тарту мәселесін жан-жақты зерделеп шығу қажет", - деді Тоқаев ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бүгінгі отырысында.
Тоқаевтың тапсырмасы: дәрігердің еңбекақысы орташа жалақыдан 2,5 есе артық болады
Президенттің айтуынша, бүгінде тергеу кезінде дәрігердің өз міндетін қаншалықты немқұрайлы орындағанын анықтау қиын. Соған қарамастан, біраз маман қылмыстық жазаға тартылып отыр.
"Сондай-ақ, клиникалық зерттеулерді өткізу тәртібін бұзғаны үшін қылмыстық жазаны қолдану мәселесін де қайта қарап шығу қажет. Әйтпесе, бүгінде медицина мамандары жазадан қорқып, ғылымға бармайды. Алайда ондай өзгерістер дәрігерлердің адам өмірі мен денсаулығы үшін жауапкершілігін азайтпайды. Жауапкершілік дамыған мемлекеттердегідей әкімшілік және азаматтық-құқықтық сипатта болуы керек", - деп атап өтті Тоқаев.
Осы орайда президент заң және қаржы жағынан медицина қызметкерлерінің құқықтары мен жауапкершілігіне арналған жүйені әзірлеуді тапсырды. Кәсіби қызметке кепілдік беру жағы да ескерілуі шарт.