Қоғам

Алматылық оқушылар лагерьге бармайды – қала әкімі себебін айтты 

Қазіргі уақытта мектеп жанынан демалыс ұйымдарын құру мәселесін қарастыруға болады. Бірақ оған да рұқсат қажет
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 27 мамыр - Sputnik. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев биыл мектеп оқушылары үшін лагерьлер ашылмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Әкімнің айтуынша, қазіргі эпидемиологиялық жағдайға байланысты шұғыл штабта жазғы лагерьлерді ашпауға шешім қабылданды. Ондай нысандар қаланың сыртында орналасса, санитарлық талаптардың сақталатынына сенім жоқ. Қала басшысы лагерьлерді ашпаудың тағы бір себебін айтты. 

"Негізі, лагерьлердің бәрі жеке меншікте. Біз конкурс өткіземіз, сол кезде бағасын кім төмен береді, сол жеңіп алады. Оған барғаннан кейін ата-аналардың тарапынан көптеген шағымдар түсе бастайды. Тамағы нашар, жағдайы нашар дейді. Пандемияға дейін осылай болса, қазіргі пандемия кезінде ондай нысандарды ашудың да қажеті жоқ", - деді Сағынтаев бүгінгі онлайн брифингте.

Оның сөзіне қарағанда, мектептердің жанынан демалыс ұйымдарын құруды қарастыруға болады. Бірақ оған да рұқсат қажет.

"Биыл мүмкіндік болса, мектептің төңірегінде демалыс орындарын жасаймыз", - деп атап көрсетті Сағынтаев.