НҰР-СҰЛТАН, 26 мамыр – Sputnik. Сейсенбі күні таңертең Алматы қаласының Әуезов ауданында жиһаз жасайтын цех өртенді, деп хабарлады қалалық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Мұстай Кәрім көшесі, 16/3 мекенжайындағы үйден түтін шыққаны туралы хабарлама сағат 05.12-де түскен. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткен кезде, жиһаз цехы аумағында жиналған кесілген ағаштар, сондай-ақ Foton Aumark көлігінің жанып жатқанын көрген.
"Келіп жеткен жедел әрекет ету қызметтерінен дереу шұғыл штаб құрылды, оңтүстік-шығыс және оңтүстік-батыс тараптан екі алаң ашылды, ҚР ІІМ ТЖК авиациясына ескертілді", - делінген хабарламада.
Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, өрт кезінде жарылыс болған.
Полиция өрт шыққан жерді қоршауға алды. Жедел қабылданған шаралардың арқасында 970 шаршы метрге шарпыған өрт сағат 6:00-де оқшауланды.
Өрт сөндірушілер жапсарлас салынған сантехникалық жабдықтарды сататын үй-жайды, көрші тұрғын үйлерді аман алып қалды. ІІМ ТЖК авиациясының қажеті болмады.
Оқиға орнында өрт сөндіру қызметінің 19 техникасы және 65 қызметкері жұмыс істеп жатыр. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.