НҰР-СҰЛТАН, 25 мамыр – Sputnik. Жоспар бойынша 25 мамырдан бастап Жамбыл облысында халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылуы тиіс еді. Алайда өңірде індет жұқтыру жағдайының ушығуына байланысты аталған нысандар іске қосылған жоқ, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Соңғы күндері аймақта коронавирус індетін жұқтырушылардың саны күрт көбеюіне байланысты (22 мамыр күні – 20 жағдай, 23 мамыр – 10 жағдай) 25 мамырдан бастап карантин шаралары жеңілдетілмейтін болды. Жамбыл облыстық жедел штабы осындай шешім қабылдады", – делінген облыстық әкімдіктің хабарламасында.
Оқи отырыңыз: Төтенше жағдай кезінде ХҚКО қалай жұмыс істейді?
Өңірде өткен тәулік ішінде 33 адам коронавирус жұқтырған.
"Карантин талабы тұрғындардың қауіпсіздігіне бағытталған. Сондықтан да азаматтарды тиісті шектеулер мен ескертулерге бей-жай қарамауға шақырамыз. 25 мамырға жоспарланған халыққа қызмет көрсету орталықтарының ашылуы кейінге шегерілді", – делінген жедел штаб мәлімдемесінде.
Бүгінге дейін Жамбыл облысында коронавирус жұқтырғандардың саны 292 адамға жетсе, оның ішінде 171 науқас жазылып шығып, бір адам көз жұмды.
Ал Қазақстан бойынша 8 531 адам індетке шалдығып, 4 352 адам ауруынан айықты. 35 науқас қайтыс болды.