НҰР-СҰЛТАН, 25 мамыр – Sputnik. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев қызметтік борышын атқару кезінде көз жұмған полиция аға лейтенанты Жарас Жанғазиев пен полиция сержанты Дастан Әбдіқановтың отбасыларына көңіл айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Қаза болған полицейлер екі айдан астам уақыт төтенше жағдай кезінде ерекше режимде жұмыс істеді. Олар күн сайын қызметке кірісе отырып, карантин шараларын қамтамасыз етіп, қоғамдық тәртіпті қадағалады", - деді министр.
Аға лейтенант Жарас Жанғазиев Алматы қаласы патрульдік полиция полкінің инспекторы болып қызмет еткен. 19 жыл ішінде қызметтік міндетін адал атқарғаны үшін ведомстволық наградалармен марапатталған.
Тұрғымбаев Жанғазиев көптеген жас полицейге үлгі бола білгенін айтты. Марқұмның артында екі қызы мен жары қалды, жұбайының үшінші сәбиге аяғы ауыр.
Тағы оқыңыз: Алматы тұрғыны блок бекетті бұзып өтпек болды: полицей көз жұмды
Ал полиция сержанты Дастан Әбдіқанов төрт жыл ішінде өзін жауапты, ұқыпты қызметкер ретінде көрсете білген.
"Болашаққа көп жоспар құратын. Ол азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында бар күш-жігерін жұмсады", - деді ведомство басшысы.
Әбдіқанов былтыр шаңырақ көтерген, бір ай бұрын қызы дүниеге келді.
"Екеуі де үздік қызметкерлердің бірі болатын. Отаны үшін әлі де аянбай еңбек етер еді. Ішкі істер министрлігінің жеке құрамы туған-туыстарының қайғысына ортақтасады. Бұл біз үшін орны толмас қаза", - деді Тұрғымбаев.
Еске сала кетсек, трагедия бүгін таңғы сағат алтыда Алматыдағы Көксай шағын ауданында болды. BMW көлігін тізгіндеген 28 жастағы жүргізуші, алдымен, блок бекет қоршауына, содан кейін патрульдік көлікке соқтығысқан.
42 жастағы полицей Жарас Жанғазиев оқиға орнында қаза болды. Ал екінші полицей Дастан Әбдіқанов ауруханада есін жимастан көз жұмды.