НҰР-СҰЛТАН, 24 мамыр – Sputnik. Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев мұсылман жамағатын Ораза айт мерекесімен құттықтады.
"Баршаңызды мұсылмандардың қасиетті Ораза айт мерекесімен құттықтаймын! Рамазан айының аяқталғанын білдіретін бұл мейрам исламның ең басты рухани құндылықтары – жақсылықты, кеңпейілділік пен мейірімділікті дәріптейді. Ислам бәрімізді бейбітшілікке, бірлік пен тұрақтылыққа шақырады. Бұл құндылықтар мұсылман үмбетімен бірге барлық дін өкіліне жақын. Сондықтан біздің елімізде Ораза айт діни сеніміне қарамастан күллі қазақстандықты біріктіре түседі", - деді Елбасы.
Айтуынша, осы дәстүрлерді одан әрі нығайту, адамгершілік құндылықтарды бағалай білу маңызды. Бұл – Қазақстанның тұрақты және сенімді дамуының негізі.
"Мереке күндері жақсы істер жасалып, жақын адамдарға қамқорлық, мұқтаж жандарға қолдау көрсетіледі. Мейрам қоғамдағы өзара түсіністік пен келісімді нығайтуға септігін тигізеді", - деді ол.
"Осынау қастерлі күн секілді біздің өміріміз де игі істерге, ізгі ойлар мен мейірімділікке толы болсын. Барша қазақстандыққа рухани күш-қуат, зор денсаулық және бақ-береке тілеймін. Ораза айт қабыл болсын!", - делінген Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауында.
Оқи отырыңыз: Карантин кезінде қазақстандықтар Ораза айт мерекесін қалай қарсы алады