НҰР-СҰЛТАН, 23 мамыр – Sputnik. Ораза айтқа орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы насихаттық онлайн шара ұсынады, деп хабарлайды muftyat.kz.
"Ораза айт – ұлық мереке" деп аталатын тікелей эфир таңғы сағат 7:00-де діни басқарманың youtube және инстаграм парақшалары арқылы көрсетіле бастайды. Алдымен ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мұсылман қауымын Ораза айт мерекесімен құттықтайды. Одан әрі Дихан Қамзабекұлы, Әлихан Байменов т.б ел ағалары мерекелік лебізін білдіреді.
Насихаттық онлайн шара барысында ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы айттың шығу тарихына тоқталса, ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы айттың шариғаттағы орны жайлы ой қозғайды. ҚМДБ уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров "Карантин жағдайында айт мерекесін қалай өткізу керек?" деген сұраққа толыққанды жауап береді.
Оқи отырыңыз: Биыл мешіттерде Ораза айт намазы оқылмайды – ҚМДБ
ҚМДБ еліміздегі карантин жағдайына байланысты биыл Ораза айт намазы мешіттерде жамағатпен өткізілмейтінін хабарлап, арнайы мәлімдеме жариялаған болатын. Ханафи мәзһабы бойынша айт намазын үйде жеке оқу дұрыс емес. Сондықтын діни басқарма мәлімдемесіне сай, Ораза айт күні әркім өз үйінде дұха намазын оқиды. Осыған орай тікелей эфир барысында "Әзірет Сұлтан" мешітінің бас имамы Ерболат Жүсіпов дұха намазының оқылу үлгісін көрсетеді.