НҰР-СҰЛТАН, 22 мамыр – Sputnik. Рамзан Қадыровтың көмекшісі, "Грозный" телеарнасының директоры Ахмед Дудаев бейсенбі күні Шешенстан басшысы коронавирусқа қарсы жедел штабтың іс-қимылын өзі қадағалап отырғанын айтты, деп хабарлайды РИА Новости.
Бұған дейін Қадыров коронавирус жұқтырған болуы мүмкін деген ақпарат тараған болатын.
РИА Новости дереккөзінің мәліметі бойынша, Шешенстан басшысы Мәскеудегі ауруханада жатыр. Бірақ жай-күйіне қатысты өзге ақпарат жоқ.
"Мен Шешенстан республикасының басшысы Рамзан Қадыров коронавирусқа қарсы жедел штабтың жұмысын жеке өзі қадағалайды деп айта аламын", – деді Дудаев.
Сондай-ақ, Ахмед Дудаев телеграм желісінде Шешенстанның денсаулық сақтау министрі Элхан Сүлейманов туралы да жазды. Оның айтуынша, министр туралы қауесет ол күнделікті шығатын эфирден көрінбей кеткеннен кейін тарай бастаған.
"Денсаулық сақтау министрінің жұмысы көп болғандықтан, соңғы екі күнде біз эфирге оның орынбасарларын шақырғанбыз. Бұл жағдай қоғам арасында көптеген қауесет мен пікір тудырды. Сондықтан бүгін министрдің өзі күнделікті статистиканы жариялайды", – деді Дудаев.
Оқи отырыңыз: Путиннің баспасөз хатшысы коронавирус жұқтырды