Қоғам

Журналистер арасында Бейсен Құранбек атындағы "Жігер" сыйлығы жарияланды

Сыйлық төрт номинация бойынша беріледі, байқауға 18 бен 35 жас аралығындағы журналистер қатыса алады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 22 мамыр – Sputnik. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі танымал журналист Бейсен Құранбек атындағы "Жігер" сыйлығына байқау жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Байқаудың мақсаты – жас тілшілерді шығармашылық ізденістерін шыңдауға жігерлендіру, Қазақстан журналистикасының дамуына серпін беру, көрнекті журналист Бейсен Құранбектің жарқын бейнесін есте қалдыру.

Сыйлық 4 номинация бойынша беріледі:

  • әлеуметтік тақырыптағы үздік телевизиялық сюжет;
  • әлеуметтік тақырыптағы үздік мақала;
  • әлеуметтік тақырыптағы үздік материал (әлеуметтік желі);
  • әлеуметтік тақырыптағы үздік фотосурет.

Байқауға телевизия, баспа, интернет журналистиканың және  фотосуретшілер, жаңа медиа (әлеуметтік желілер) саласының кәсіби және кәсіби емес 18-35 жас аралығындағы журналистері қатысып, бағын сынай алады.

Байқау үздіктерін арнайы құрылған қазылар алқасының мүшелері айқындайды. Қазылар алқасының құрамына еліміздің медиа саласының дамуына елеулі үлес қосқан танымал медиа менеджерлер, журналистер, қоғам қайраткерлері кіреді.

Тағы оқыңыз: Бейсен Құранбектің әйелі қайғыға ортақтасып жатқан көпшілікке алғыс білдірді

"Жігер" сыйлығына өтініш 2020 жылдың 26 мамыры мен 15 маусымы аралығында mdq.kz сайтында қабылданады.

Сыйлыққа қатысты толық ақпаратты 8-775-332-08-00 нөміріне хабарласып ала аласыздар.

Салтанатты марапаттау БАҚ қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында ұйымдастырылмақ.

Еске сала кетсек, белгілі журналист, "Жетісу" телеарнасының директоры Бейсен Құранбек 49 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.

Танымал тележүргізуші "Айтуға оңай", "Қарекет" бағдарламаларын жүргізіп, халықтың ыстық ықыласына бөленген еді.

Журналистің қазасына Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көңіл айтты.