Қоғам

Аягөзде төрт бала көз жұмды: министр қандай тапсырма берді

Аягөз қаласындағы арнайы орталықта төрт бірдей тәрбиеленушінің көз жұмуы көптеген қордаланған мәселенің бетін ашты
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 22 мамыр – Sputnik. Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова Шығыс Қазақстан облысындағы Аягөз мектеп-интернатында қайтыс болған төрт оқушының денсаулық жағдайы жете бағаланбағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Ол мұндай пікірді кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезектен тыс отырысында айтты.

"Балалардың қайтыс болуына байланысты олардың денсаулық жағдайы жете бағаланбағанын атап өткен жөн. Нәтижесінде, жасөспірімдер ауданаралық ауруханаға кешігіп жатқызылған. Жергілікті жердегі медициналық көмек көрсету барысында ешқандай ақау болған жоқ. Бірақ, балалар ауыр патологиямен ауыр жағдайда қабылданғандықтан, көптеген ағзалық дерт салдарынан сөз жұмды", – деді Бюрабекова.

Аягөздегі мектеп-интернатта бала күтіміне байланысты бірқатар заңбұзушылықтар анықталды.

"Стационарлық көмек көрсетуге лицензия бар, бірақ ғимараттың өзі стандартқа сәйкес келмейді", – деп атап өтті Бюрабекова.

Оның айтуынша, мектеп-интернаттың терапевт-дәрігері балаларды қабылдап, тексеруден өткізуі тиіс. Алайда, балалардың күнделікті тексеруден өткендігі туралы ешқандай дәлел жоқ.

"Құжаттамалық жұмыстар жүргізілмегендіктен, балалардың тексерілгенін дәлелдеу мүмкін емес. Бүгінгі таңда тексеру тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен жалғасуда", – деді вице-министр.

Интернат тәрбиеленушілері қайтыс болды

18 мамыр күні Аягөздегі арнайы әлеуметтік қызметтерді ұсынатын балалар орталығы, психоневрологиялық патологиясы бар балаларға арналған мектеп-интернаттың төрт тәрбиеленуші қайтыс болғаны белгілі болды.

Сондай-ақ, осы орталықтың оннан астам баласы қызылша диагнозымен жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған. Тіпті, кейбіреулерінен ішек инфекциясы анықталды.

Балалар омбудсмені мәлімдеме жасады

Аягөз қаласы облыс орталығы – Өскеменнен 310 шақырым жерде орналасқан.

Осы мәселеге қатысты пікір білдірген Қазақстандағы балалар омбудсмені Аружан Саин мекеменің қашықта орналасқандығы өзекті мәселе деп атап өтті.

"Мекеме шалғайда болғандықтан оған қоғамдық бақылау жүргізу қиынға соғады", – деді ол.

Балалар омбудсмені шағын қалаларда орналасқан балалар мектеп-интернаттарын облыс орталықтарына көшіруге тырысатынын мәлімдеді.

Министр шұғыл шешім қабылдады

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Аягөздегі интернатта балалардың қайтыс болуына байланысты кешенді тексеріс жүргізу туралы шешім қабылдады.

Ол еліміздегі үкіметтік емес ұйымдардың, азаматтық сектор мен мемлекеттік органдар өкілінің қатысуымен медициналық және әлеуметтік мекемелерді, балалар үйлерін, балалар үйлері мен мектеп-интернаттарды кешенді тексеру қажет екенін мәлімдеді.

"Ведомствоаралық комиссияның атынан біз Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне барлық ұсыныстарды, оның ішінде мекемені облыс орталығына көшіру мәселесін қарастыруды тапсырамыз. Үлкен қаладан алыс өңірлерде балалардың денсаулығы үшін маңызды қызметтерді көрсетуде үлкен қауіптер бар", – деді Аймағамбетов.

Оқи отырыңыз: Ақтөбедегі балалар шипажайында баланы ұрып-соққан: видео жарияланды

Сондай-ақ министрдің пікірінше, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияның жұмысын да қайта қарау шаралары қабылдануы қажет.

"Мұндай ұйымдардың барлығында қоғамдық бақылау институтын дамыту керек", – деді білім және ғылым министрлігінің басшысы.