Саясат

Сенат сайлау және саяси партиялар туралы заңдарды қабылдады

Заң жобасында партиялық сайлау тізімдерінде әйелдер мен жастар үшін 30% квота қарастыру ұсынылып отыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 21 мамыр – Sputnik. Парламентте әйелдер мен жастар қатары болашақта көбейеді. Сенат тиісті заңдарды қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Сенаттың жалпы отырысында "Сайлау туралы" Конституциялық заңға толықтырулар енгізу және саяси партиялар туралы заң жобалары қаралды.

Екі құжат та президенттің ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында берген тапсырмаларын іске асыру мақсатында әзірленді.

Заң жобасында партиялық сайлау тізімдерінде әйелдер мен жастар үшін 30% квота қарастыру ұсынылып отыр.

"Заң жобаларымен партиялық сайлау тізімдерінде әйелдер мен жастар үшін кемінде отыз процент квота енгізу және саяси партияларды құру үшін қолданыстағы сандық тіркеу талабын екі есе төмендету ұсынылады", - деді әділет министрінің міндетін атқарушы Наталья Пан.

"Сайлау туралы" конституциялық заңда саяси партиялар тіркеуге ұсынған партиялық тізімдерде әйелдер мен жастарға арналған квоталар міндетті түрде болуы тиіс деген талап қойылған.

"Біз жастардың парламентке және жергілікті өкілетті органдарға келуіне ықпал етуге тиіспіз. Сондықтан да, біздің қоғам үшін әйелдер мен жастар жақсы әлеуметтік және саяси әлеуетке ие", - деді Пан.

Айтуынша, жаңа нормалар әйелдер мен жастарды елдің қоғамдық-саяси процестеріне белсенді тартуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, саяси партияларды тіркеу де жеңілдетіліп отыр.

Оқи отырыңыз: Сенат митинг туралы заң жобасын мәжіліске қайтарды 

"Енді саяси партияны тіркеу үшін оның құрамында қырық мың емес, жиырма мың мүшесі болса жеткілікті. Осы бағыттағы түзетулер "Саяси партиялар" туралы заңда көзделіп отыр. Бұл ұсыныс саяси партияларды құру тәртібін жеңілдетеді, сондай-ақ мемлекеттік шешімдерді әзірлеу және қабылдау процестеріне оң әсерін тигізеді", - деді ол.

Пан заңнамалық бастамалар әйелдер мен жастарды қоғамның саяси өміріне белсене қатысуға, сондай-ақ көппартиялық жүйені одан әрі қалыптастыруға оң ықпал тигізетінін атап өтті.

Статистика бойынша қазір Қазақстанда 9 миллионнан астам әйел тұрады.

Қазақстан парламентінде 33 әйел бар. Мәжілісте нәзік жандар саны 27 немесе депутаттардың жалпы санының 26%-ін құрайды.

Республика мәслихаттарында 2020 жылдың бірінші қаңтарындағы жағдай бойынша – 3335 орын, оның тек 740-ы ғана – әйелдер екен.

Ал елімізде 20 мен 29 жас аралығындағы жастар саны – 3 миллион.