Қоғам

Қазақстан әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшыcы алты жылға сотталды

Жандарбек Жанұзақов "Вице-адмирал" әскери атағынан айырылды, сонымен қатар 42 миллион теңгеден астам шығын өндіріледі
Sputnik

АЛМАТЫ, 21 мамыр – Sputnik. Ақмола гарнизонының әскери соты Қазақстан республикасы қарулы күштері әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы Жандарбек Жанұзақовты алты жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.

Әскери соттың баспасөз қызметі Sputnik Қазақстанға үкімнің 2020 жылдың 18 мамырында шығарылғанын хабарлады.

"Жанұзақов Қылмыстық кодекстің 450-бабы 2-бөлігі ("Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызмет бабын асыра пайдалану") бойынша 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын орташа қауіпсіз қылмыстық-атқару түзеу мекемесінде өтейді", – деді сот.

Сот түзеу мекемесінің түрін ғана анықтайды, оның орналасқан жерін Қазақстан республикасы ішкі істер министрлігінің қылмыстық-атқару жүйесі комитеті нақтылайды.

Сондай-ақ, Қылмыстық кодекстің 50-бабына сәйкес, Жанұзақов Қазақстан республикасының қарулы күштерінде, басқа да әскер мен әскери бөлімдерінде, құқық қорғау органдарында және мемлекеттік қызметте, квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан айырылды.

Оқи отырыңыз: Назарбаев тәуелсіздік алған кезде әскер басқаратын жалғыз генерал тапқанын еске алды

"Қылмыстық кодекстің 49-бабына сәйкес, "вице-адмирал" әскери атағынан да айырылды. Оған қоса, сотталған адамнан мемлекет кірісіне 42 401 076 теңге көлемінде материалдық шығын өндіріледі", – деді әскери сот.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

"Сот үкімі заңды күшіне енбегенін ескере отырып, бұл іске қатысты толығырақ пікір білдіруді орынсыз деп есептейміз. Өйткені оны апелляциялық инстанция пікірі ретінде қабылдауы мүмкін", – деп нақтылады әскери соттың баспасөз қызметі.