НҰР-СҰЛТАН, 21 мамыр - Sputnik. Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мектебінің Алматы қаласындағы филиалы директорының орынбасары мен қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бөлім басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Тергеуші Данияр Биғайдаровтың айтуынша, әскери шенділер өзара келісіп, адамды алдау арқылы 150 000 теңгені иемденіп кеткені үшін айыпталып отыр. Олар адамның әскери-техникалық мектеп филиалында әскери қызмет атқарудан босатылуына көмектесуге уәде берген.
"Бұдан бөлек, мектеп директорының орынбасары жеке өзі дәл солай әскери қызметті атқармау мәселесін шешіп беремін деп, 150 теңгеге алаяқтық жасады деген күдікке ілінді. Бүгінде екеуі де өз кінәсін толығымен мойындады. Тергеу шаралары жалғасуда", - дейді Биғайдаров.
Агенттік қызметкерлері әскери басшыларды ұстау операциясын видеоға түсіріп алды. Соған қарағанда, күдіктілер параны танымал мобильдік қосымша арқылы алған. Ал біреуінің кабинетінен 150 мың теңге шыққан.
Айта кетсек, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бір аптаның ішінде ұсталған шенеуніктердің видеосын жариялады.
Ресми ақпаратқа сәйкес, Ақтөбе қаласында облыстық сәулет және құрылыс басқармасының басшысы ұсталды. Лауазымды тұлға Мұғалжар ауданындағы мектеп құрылысының толығымен аяқталмағанын біле тұра, жеке компанияның кепілдік ретінде салған ақшасын қайтарып берген.
"20 мамырда күдікті ұсталып, уақытша қамау абақтысына тоғытылды", - дейді тергеуші Данияр Биғайдаров.
Ал Қостанай облыстық әкімдікте экологиялық реттеу бөлімінің басшысы ұсталды. Ол банк қосымшасы арқылы бірнеше рет пара алған.
Бұдан бөлек, агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің Алматы облысы аумақтық инспекциясының "Талдықорған" көліктегі фитосанитарлық бақылау бекетінің бас маманы қолға түсті. Ол да өз қызметі үшін бірнеше рет пара алған. Адамдар ақшаны банк қосымшасы арқылы жіберіп тұрған.