НҰР-СҰЛТАН, 21 мамыр – Sputnik. АҚШ-тың федералды соты Ілияс пен Виктор Храпуновтарға қатысты үкім шығарды.
Елден қашып кеткен Виктор Храпуновтың ұлы Ілиясқа жылжымайтын мүлік бойынша мәмілелер туралы ақпаратты жасыруға тырысқаны үшін АҚШ-та айып тағылғаны қаңтар айында белгілі болды.
Алматы қаласының әкімдігі мен БТА Банк сотталушылардан шағымданушылардың талаптарын растайтын мәліметтерді жариялауды сұраған.
"Сот тараптардың ұстанымын зерттей келе, Ілияс пен Виктор Храпуновтар сотпен "мысық пен тышқан ойынын" әдейі ұйымдастырды және олардың бұл әрекеті жазалауға лайық деп таныды. Сондай-ақ Ілиястың жоғалған электрондық хаттар туралы сылтауларын ақылға қонымсыз деп санады", – делінген әділет министрлігінің баспасөз хабарламасында.
Айта кетейік, бұған дейін сот тарапынан Мұхтар Әблязовтің осыған ұқсас іс-әрекеті заңға қайшы деп танылған еді. Ол кезде Әблязов дәлелдемелерді әшкерелеу барысында құжаттарды ұсына алмады.
Америкалық сот Алматы қаласы әкімдігі мен БТА Банктің арыздарына тікелей қатысы бар ақпарат есімізде жоқ деген Храпуновтар жалған сөйлеп отыр және Ілияс тиісті айғақтарды жойып жіберді деген қорытынды жасады.
Судья Ілияс пен Виктор Храпуновтарға Алматы қаласы әкімдігі мен БТА Банк заңгерлерінің шығындарын төлеуді бұйырды.
"Сонымен қатар, сот Храпуновтардың бұдан былай дәлелдемелер ұсынуға құқығы жоқ деп шешті. Алқабилерге Ілияс Храпунов дәлелдерді әдейі жойғаны туралы нұсқаулық беріледі. Бұған дейін сот Мұхтар Әблязовке қатысты да алқабилерге дәл осындай нұсқаулық берілетіндігі туралы қаулы еткен еді", – делінген хабарламада.
Одан бөлек, Алматы қаласы әкімдігі мен БТА Банктің Феликс Сатерге қарсы қатар жүріп жатқан процесте сот арызданушылардың пайдасына шешім қабылдады. Жауап алу барысында Сатер Храпуновтар мен Әблязовтің Алматы қаласында тыңшылары бар екендігі және оның қауіпсіздігіне қауіп-қатер төнуі мүмкіндігі туралы мәлімдеді.
Сот Әблязовтің 2018 жылы Қазақстанда БТА Банктің бұрынғы басшысын өлтіргені және көптеген басқа да қылмыстар үшін сотталғандығын ескере отырып, Сатердің қорқынышы сенуге тұрарлық екендігін атап өтті.
Храпуновтар отбасына қатысты Қазақстандағы сот ісі
2018 жылдың қазан айында Алматыда қаланың бұрынғы әкімі Виктор Храпунов пен оның жұбайы Лейланың үстінен сырттай сот отырысы өтті.
Виктор Храпунов ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оны басқарғаны және алаяқтығы мен пара алғаны үшін, сеніп тапсырылған мүлікті иемденіп, жымқырғаны, сондай-ақ қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды.
Оқи отырыңыз: Бас прокурор Еуропарламент депутаттарын шетелде қашып жүргендер туралы хабардар етті
Оны 17 жылға бас бостандығынан айырып, қауіпсіздігі жоғары колонияда жазасын өтеуге үкім шықты. Сондай-ақ, дүние-мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік лауазымдарда қызмет атқару құқығынан айырылды.
Лейла Храпунова да заңсыз әрекеттері үшін кінәлі деп танылып, 15 жылға сотталды. Оның туған әпкесінің күйеуі Аяр Ілиясов те алаяқтық әрекеті үшін бес жылға сотталды.
Қазіргі кезде ерлі-зайыпты Храпуновтар саяси себептермен қудаланудамыз деп мәлімдеп, Қазақстаннан тыс жерлерде жасырынып жүр.