Қоғам

ЕАЭО аумағында тауарларды қадағалап отыру жүйесі енгізіледі

Тауарларды қадағалап отыру жүйесін енгізу арқылы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің тауар айналымы заңдылығын қамтамасыз ету және контрафактілік тауар айналымын жою көзделіп отыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 21 мамыр – Sputnik. Сенат Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінген тауарларды қадағалап отыру тетігі туралы келісімді ратификациялау туралы заңды қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Құжатқа 2019 жылы 29 мамырда Нұр-Cұлтанда ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер басшылары қол қойды.

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, келісім ЕАЭО кедендік аумағына әкелінген тауарларды қадағалау тетігін құру мерзімі мен тәртібін реттейді.

Құжатта тауарларды қадағалап отыру жүйесін енгізу арқылы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің тауар айналымы заңдылығын қамтамасыз ету және контрафактілік тауар айналымын жою көзделген.

"Қадағалау импорттық тауарлар бойынша жүзеге асырылады. Қадағалауға жататын тауарлардың тізбесін Еуразиялық экономикалық комиссияның кеңесі бекітеді", - деді министр сенат отырысында.

Айтуынша, әрбір мемлекет өзінің ұлттық қадағалау жүйесін құруы қажет.

Белгіленген тәртіп бойынша құжатта көрсетілген тауар ғана тасымалдануы тиіс, шекарадан құжатта көрсетілмеген тауарды алып өтуге әрекеттену заңбұзушылық  болып саналады.

Қадағалау жүйесінде тауар қандай елден шыққанын, баж туралы және тағы басқа ақпараттар көрсетіледі. Тауар айналымы туралы мәліметтер өтініш  енгізілген күннен бастап 5 жыл өткен соң тоқтатылады.

Заң жобасына сәйкес, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер ұлттық қадағалау жүйесіндегі мәліметтермен алмасады.

"Тауарлар айналымын қадағалау тетігін енгізу кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Келісімді барлық мүше мемлекет бекіткеннен кейін, әрбір мемлекет 120 күнтізбелік күн ішінде қадағалау тетігін үйлестіруге және іске асыруға жауапты", деді Жамаубаев.

Келісім күшіне енген күннен бастап 12 ай ішінде пилоттық жоба іске қосылады.

Пилоттық жобаның нәтижесі бойынша, қадағалау жүйесіне тұрақты түрде көшу туралы шешім қабылданады.

Сенат депутаттары заңды бірауыздан қабылдады.