Қоғам

Білім министрі қашықтықтан оқытудың артықшылығын атады

Қазақстан білім және ғылым министрлігінің басшысы қашықтықтан оқытудың артықшылығы мен кемшілігін айтып берді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 20 мамыр – Sputnik. Қазақстанның білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мұғалімдер қашықтықтан оқытудың қандай артықшылықтары мен кемшіліктерін байқағанын айтты.   

"Әр аптаның сенбісі сайын әртүрлі мұғаліммен онлайн кездесу өткіземін. Біз осы мәселелерді талқылаймыз. Ұстаздар үлгерім туралы айтады. Жақсы оқыған балалар нашар оқып кетпеген. Олар қазір де ынтамен оқып жатыр, сапаға әсер етпеген", - деді Асхат Аймағамбетов журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып.

Оқи отырыңыз: Қазақстандық мұғалімдер арнайы курстан өтеді 

Ол мінезі тұйық және мектепте өзін жан-жақты көрсете алмайтын балалар "қашықтықтан оқыту" кезінде жетістікке жетіп жатқанын атап өтті.

"Қазір біздің көптеген әріптесіміз бұл балалардың айтарлықтай ашылғанын байқап отыр. Осы форматта бала ашыла бастап, өз ойын еркін жеткізіп жатқанын көріп отырмыз", - деп толықтырды министр.

Ол қашықтықтан оқыту кезінде дәстүрлі оқыту формасы кезіндегідей білімді сапалы түрде беру мүмкін емес екенін баса айтты.

"Сондықтан біз үшін дәстүрлі күндізгі оқыту форматы қолайлы екенін айтып жүрміз", - деді Аймағамбетов.

Биыл қазақстандық оқушылар төртінші тоқсанда 16 наурыздан 11 мамырға дейін төтенше жағдай енгізілуіне байланысты қашықтықтан оқытуға көшті.