Ресей Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігін мойындамай ма?

Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі жайында талай рет айтылды. Ұлы Отан соғысында Рейхстагқа бірінші болып жеңіс туын тіккенін де көпшілік жақсы біледі
Sputnik

Алайда неге оған Кеңес одағының батыры атағы берілмеді? Неге Болатов екеуін оқулыққа енгізбеді? Неге алдымызға "Егоров-Кантария" жұбын тоса береді?

Шыны керек, әлеуметтік желілерде жыл сайын жерлесіміздің ерлігі талқыланып отырады. Сол кезде міндетті түрде "орыс шовинизмі" мәселесі қозғалады. "Байқайсыз ба, Ресей үнемі қазақ жауынгерлерінің ерлігін төмендетеді. Мысалы, лейтенант Қошқарбаев жеңіс туын тіксе де, оқулықтарда Егоров пен Кантария туралы жазады. Дұрыс емес қой" деп әңгімені қоздырып жіберетіндер бар. Адамдар іліп алып кетеді. Мыңдаған коммент, саясат, пікірталас, дау-жанжал, бір-бірін жамандау...Сөйтіп, кете береді.

Өкінішке қарай, ондай пікірталаста нақты деректер аз болады. Адамдар, көбінесе, эмоцияға беріліп, өткен-кеткенді қопарып отырады. Ал осы дау-жанжалды бастайтын арандатушылар нақты дәлелден қашады, себебі өздері айтқан ойдың қисынсыз болып шығатынын жақсы біледі. Олар әлі күнге дейін Егоров пен Кантария туралы жазылған оқулықтар мәселесінен шыға алмай келеді. Ал Ресей "Белгісіз ту көтеруші" онлайн экпозициясын шығарып үлгерді. Онда алдымен Рақымжан Қошқарбаев жайында айтылады.

Ал мәселенің мәні мынада, 1945 жылы 30 сәуір мен 2 мамыр аралығында Рейхстагтың төбесі мен қасбетінде Қызыл әскердің ондаған туы ілінген болатын. Сан алуан әскери құрам мен бөлімшенің жүздеген жауынгері рейхтің күмбезіне шығып, қызыл ту арқылы немістің басты ғимаратын жаулап алғандарын жариялауға асықты.

Сөйтіп, Рейхстагтың төбесі мен қабырғасына 40-тан астам ту ілінді деген болжам бар. Ал Кеңес Одағының Батыры атағына ілінбей қалғандардың ішінде біраз жауынгер бар. Олар: Қошқарбаев, Болатов, Сорокин, Бондарь, Загитов, Докин, Пятницкий және тағысын тағы.

Тарихи әділдікті орнату үшін әскери сарапшылар біраз уақыт еңбек етті. Осының нәтижесінде РИА Новости агенттінің жобасы – ту көтерген жауынгерлерге арналған экпозиция жасалды. Жобаны онлайн үлгіде жасаудың негізгі мақсаты – кеңес жауынгерлерінің ерлігін барлығына жеткізу. Ал арнайы қосымшаны жүктеу арқылы виртуалды шындыққа еніп, Рейхстагтың төбесіне шығуға болады. Сол жерде Қызыл әскердің шабуылын көріп, ту көтерген сарбаздардың әңгімесін тыңдай аласыз. Олардың ішінде жерлесіміз Рақымжан Қошқарбаев та бар. 

Оқи отырыңыз: Рақымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа тіккен Жеңіс туы қайда – видео

Сонымен, Рақымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа бірінші болып ту ілгені – тарихи шындық. Оны көрші елдің әскери сарапшылары да мойындап отыр. Дегенмен, неге оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілмеді? Осы сұрақтың жауабын біз онлайн-экспозицияның кеңесшісі, әскери сарапшы, тарих ғылымдарының кандидаты Николай Пархитькодан сұрап көрдік. Оның айтуынша, "Ресей Қошқарбаевтың ерлігін мойындамайды" деген әңгіменің өзі қисынсыз. Себебі осы елде 1945 жылы 30 сәуір мен 2 мамыр аралығында Рейхстагқа ту ілген барлық топтың батырлығын мойындайды. 

"Негізі, лейтенант Рақымжан Қошқарбаев пен қатардағы жауынгер Григорий Болатов Рейхстагтың қасбетіне бірінші болып Қызыл Туды тіккен. Бірақ таңғы сағат 10:00-де Рейхстагқа жасалған алғашқы шабуыл сәтсіз болды. Одан кейінгісі сәтті шықты.

Ал ең басты мәселе мынада, кеңес солдаттары Рейхстагқа түнгі сағат 22:00-ден кейін ғана әбден кірген. Сол кезде капитан Маков пен сержант Минин ғимараттың төбесіне бірінші болып ту ілді. Ол, шамамен, 22:30-да болды. 22:35-те соған жақын мүсіннің жанында майор Бондарьдің туы тігілді. Ал 22:40-та лейтенант Сорокиннің басшылығымен барлаушылар (Қошқарбаев пен Болатов - Sputnik) үшінші туды іліп қойды. Бұған дейін ол ту Рейхстагтың орталық кіреберісінде орнатылған болатын. Осылайша, Қошқарбаев пен Болатов туды екі рет ілді", -  дейді Пархитько.

Тарихшының айтуынша, осы үш туды орнатқан жауынгердің біреуіне де батыр атағы берілген жоқ. Себебі 30 сәуірден 1 мамырға қараған түні неміс әскері арттилериядан оқ жаудырып, төбенің батыс қасбетіндегі үш туды да жоқ қылды. Таңертең қараса, император Вильгельмнің ескерткішіне орнатылған ту ғана аман қалыпты. Оны Егоров, Кантария мен Берест іліп қойған.

"Меніңше, оларға награда берудің бірден-бір себебі сол. Арттилериялық шабуылдан кейін ту құлаған жоқ, тұрған жерінде қалды. Неміс гарнизоны жеңілгенін мойындағанда жалғыз сол ту ғана Рейхстагтың төбесінде болған. Мәселенің бәрі сонда. Әрине, әділетсіз және реніш тудыратын нәрсе. Себебі ту ілген барлық топ жоғары наградаға лайықты болды", - деп атап көрсетті Пархитько.   

"Негізі, Қошқарбаевтың туы аман қалғанда оның есімі оқулықтарға енетін еді. Жалпы, Рейхстагқа ілінген балық тудың деңгейі бірдей. Соны ілемін деп, оққа ұшқан жауынгерлер де болды. Мысалы, Рейхстагқа екінші рет шабуыл жасалғанда Петр Пятницкий туын қолында ұстап, мерт болды. Сол себепті онлайн-экпозицияда әрбір ту көтеруші жауынгердің әңгімесі жеке-жеке берілді. Әрине, біз үшін Рақымжан Қошқарбаев та қаһарман. Оған деген құрметіміз шексіз", - дейді тарихшы Пархитько.