Қоғам

Қадір түнінде бір топ жігіт Әзірет Сұлтан мешітінің алдына жиналды

Тұрғындар қадір түнін үйде өткізу ұсынысына түсіністікпен қарап, қойылған талаптарды бұзған жоқ
Sputnik

АЛМАТЫ, 20 мамыр – Sputnik. Қадір түнінде "Әзірет Сұлтан" алдына 15-ке жуық жас жігіт жиналып, мешітке кіргізуді сұраған. Түсіндіру жұмысынан кейін олар үйлеріне қайтқан, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Кеше (19 мамыр – Sputnik) республикалық "Әзірет Сұлтан" мешітінің алдында 15-ке жуық жас жігіт жиналды. Олар мешітке кіргізуді сұрады. Біздің имамдар мұндай шектеудің не себепті енгізілгенін түсіндірді. Жастар имамдарды тыңдап, үйлеріне қайтты", – деді діни басқарманың баспасөз қызметі Sputnik Қазақстан тілшісіне. 

Сондай-ақ, Қадір түнінде "Нұр Астана" мешітіне тұрғындар келмеген, бірақ кезекші имам онлайн-режимде уағыз оқыған. Айта кетейік, діни басқарма қызметкерлері тарапынан Қадір түніне байланысты арнайы онлайн-бағдарламалар әзірленді.

"Бас мүфти мен еліміздің дін саласындағы ғалымдары Қадір түні Құран хатым, онлайн-режимде уағыз бен пайдалы дәрістер оқыды", – деді баспасөз қызметіндегілер.

Сонымен қатар діни басқарма тұрғындардың Қадір түнін үйде өткізу жайлы ұсынысқа түсіністікпен қарап, қойылған талапты бұзбағанын атап өтті.

Оқи отырыңыз: Қадір түнін үйде қалай өткізу керек – бас имамдар кеңес берді

Айта кетейік, биыл Рамазан айы 24 сәуірде басталды, қасиетті ай 23 мамырға дейін жалғасады.

2020 жылы пітір садақа мөлшері адам басына 370 теңге мөлшерінде белгіленді.